11.02.2026, 19:00
Оқылды: 8

Мемлекет қайраткері туған жерінде

Жақында Бөрлі аудандық өлкетану мұражайында жанға жайлы бір кездесу өтті. Осы ауданда туып-өскен, кезінде осы ауданды басқарған, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының экс-депутаты, бүгінде мемлекет қайраткері Ғұмар Ислямұлы Дүйсембаев туған еліне келді.

кездесу (5)

Мұражай қызметкерлері мен бір кезде қызметтес болған әріптестерімен болған кездесу Бөрлі ауданының құрметті азаматы, сыйлы қонақ Ғұмар Дүйсембаевты ұлттық тағам ақ дәммен қарсылаудан басталды. Әуелете ән салған біздің ауданның «ұлттық ән бренді» Жаңыл Шүгірованы тыңдап тұрған ардагер ақсақал ағамыздың «Жаңылдың дауысын да сағыныппыз» деген бір ауыз сөзіне бүкіл өңірге деген сағынышы мен аңсары сыйып кеткендей еді.

кездесу (3)
Кездесу барысында аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Алтай Тоқжанов Ғұмар Дүйсембаевтың елге келген қадамына оң сапар тілеп, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін аудан әкімі Еркебұлан Ихсановтың атынан Бөрлі ауданының 90 жылдығына арналған мерейтойлық медальмен марапаттап, аудан тарихынан сыр шертетін кітапты табыс етті. Аудандық мәслихат төрағасы Қ. Ермекбаев, облыстық мәслихат депутаты А. Агаев, Ақсай қаласының әкімі А. Баяндыков, аудандық ақсақалдар кеңесі мен қоғамдық кеңес төрағалары, сондай-ақ мемлекет қайраткерінің үзеңгілес әріптестері мен зиялы қауым өкілдері қатысқан жиынның басты мақсаты өңірдің дамуына өлшеусіз үлес қосқан жерлесіміздің еңбегін ұлықтау, еңбек жолын жас ұрпаққа үлгі ету болатын.

кездесу (1)

Кездесудің аудандық мұражайда өткен себебі Ғұмар Исламұлы тарихи маңызы бар кейбір жеке заттарын жәдігерлер ретінде аудандық мұражай қорына өткізді. Бұл жәдігерлер енді аудан тарихынан сыр шертетін маңызды жәдігерлер қатарын көбейтіп, құнды құжат ретінде сақталатын болады. Өз сөзінде Ғұмар Исламұлы: «Осынау құжаттарды мұражайға мақтаныш ретінде әкелген жоқпын. Бұл осы өлкеден өсіп шыққан менің өмір жолымның ғана емес, аудан тарихының бір бөлшегі. Бұл құжаттардың бала тәрбиесінде, білім мен еңбекке баулуда ықпалы болады деп сенемін» деді. Өйткені, Ғұмар Дүйсенбаев 1963 жылы Облавка сегізжылдық мектебіне барып, 1973 жылы онжылдық Бөрлі орта мектебін бітірген. Инженер, шаруашылық басшысынан сатылап көтеріліп, аудан әкімі, облыс әкімінің бірінші орынбасары, Сенат депутаты, мемлекет қайраткері дәрежесіне дейін көтерілген біздің белгілі жерлесіміз. Ерен еңбектің, білім мен қажыр-қайраттың, табандылықтың жарқын үлгісі.
Кездесу барысында мемлекет қайраткері еңбек жолындағы, ел басқару ісіндегі ой-тәжірибелерін ортаға салып, ой бөлісті. Қызметтес болған жандармен болған әдемі естеліктермен бөлісіп, өзара пікір алмасты. Шара соңында қонақтар естелік суретке түсті.

Дариға Кеңесбайқызы
Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале