БҚО соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, талап қоюшы М. 2023 жылы 6 ай уақытша ұстау изоляторына қамалып, 1 ай үйқамақта болған, одан ұзақ уақыт бойы үздіксіз тексерулер мен жауап алу әрекеттері жүргізілген, алайда прокурор тарапынан қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы шешім қабылданған.

- Талап қоюшы М. сотқа жауапкер Республикалық мемлекеттік мекемесінен 15 000 000 теңге мөлшерінде моральдық зиянды және 4 000 000 теңге материалдық шығынды өтеу туралы талап арызбен жүгінді. Осы кезеңде талап қоюшы М. үнемі уайым, жүйкелік күйзеліс жағдайында жүргенін, сондай-ақ қылмыстық қудалау органдары тарапынан өзіне қатысты қорқыту, психологиялық қысым және құрметсіз қарым-қатынас болғанын көрсетеді, - делінген соттың хабарламасында.
Сот арқылы талап қоюшы М-ға қатысты қылмыстық қудалаудың заңсыз жүргізілгені анықталған. Қылмыстық процесті жүргізетін органдардың заңсыз әрекеттері салдарынан моральдық азап шеккені расталды. Сондай-ақ қылмыстық істің қозғалуына байланысты талап қоюшы М. жұмысынан айырылып, тұрғылықты жерін ауыстыруға мәжбүр болған.
Сот талап қоюшы М-ның жауапкер Республикалық мемлекеттік мекемесіне қойған талап арызын ішінара қанағаттандырды, оның пайдасына моральдық зиянды өтеу ретінде 3 000 000 теңге, материалдық шығынды өтеу ретінде 4 000 000 теңге, сондай-ақ өкілдің қызметіне ақы төлеу бойынша шығыстар ретінде 700 000 теңге өндірді.
Шешім заңды күшіне енген жоқ.