ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Орал трансформатор зауытында болды. Кәсіпорын жетекшісі Тимур Кулмаков өндіріс барысымен таныстырып, алдағы даму жоспарлары мен стратегиялық жобаларын баяндады.

Кәсіпорында жоғары қуатты таратқыш май және құрғақ трансформаторлар, сонымен қоса жылына 12 мың дана болатын өндіріс көлемі бар таратушы трасформаторлар өндіріледі. Вице-премьер компанияның отандық индустрияны дамытудағы маңызын атап өтті.

- Бұл зауыт осы саладағы көшбасшы кәсіпорындардың қатарында. Мұндай заманауи өндіріс орындарын қолдау және отандық өнімнің экспорттық әлеуетін арттыру – Үкіметтің басты басымдықтарының бірі», – деді Серік Жұманғарин.

Айта кетейік, кәсіпорында 241 маман жұмыс істейді. Олардың дені жастар. Компания басшылығы жас кадрларды кәсіби тұрғыдан шыңдауға баса назар аударып, оларды әлеуметтік қолдау бағытында ауқымды жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеді.
Фотоға түсірген: Мейірбек Тажқұранов
zhaikpress.kz
