Таяу арада аудан көлемінде мұз жару жұмыстары 6 жерде жүргізілмекші. Олар – Деркөл өзенінің Белес пен Зеленый, Шаған өзенінің Октябрьское мен Мичурин, Быковка өзенінің Аманат және Рубежка өзенінің Ақбидай ауылдарының маңындағы тұстары.

Бұл туралы аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның отырысында сөз болды. Жиында аудан әкімі Марат Тоқжанов биыл көктемде ауданы аумағында орын алуы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды пысықтады. Яғни азаматтық қорғау қызметтерінің әзірлігін бағамдап, округ әкімдері мен жауапты сала мамандарынан есеп алды. Сонымен қоса су тасқыны кезеңіне арналған төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі жоспар бекітілді.

Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Рауан Қашқынбаевтың айтуынша, Бәйтеректе жалпы ұзындығы 34 мың метрді құрайтын шаруашылық тәсілмен көтерілген қорғаныс бөгеттері бар. Кирсанов, Январцев, Красноармейск, Рубежин, Озерный, Дарьян, Байқоныс, Щапов, Жаңатаң, Үлкен Шаған, Колесово, Ақсу, Янайкин, Богатск ауылдары маңында орналасқан бұл бөгеттерді арнайы комиссия тексеріп, бақылауға алған.
–Аудан бойынша жалпы саны 47 саяжай тіркелген. Оның ішінде 23 саяжайда тұрғындар жыл бойы тұрақты тұрады, ал 24 саяжай маусымдық болып есептеледі. Байқоныс ауылдық округіндегі «Геолог», «Яик», сондай-ақ Мичурин ауылдық округіндегі «Березка», «Садовод», «Көктерек», «Арай» саяжайларын су басу қаупі бар. Аталған аумақтарда да аулалар тексеріліп, тұрғындарға ескерту жадынамалары үлестірілді. Жалпы, су басу қаупі бар елді мекендерде аулаларды аралау жұмыстары кезінде тұрғындарға барлығы 2489 дана жадынама таратылды. Ендігі кезекте аудан көлемінде қар шығару шаралары күшейтілмек. Көктемгі су тасқынын алдын алу және жағдайды бағалау мақсатында «Қазгидромет» РМК қызметкерлерімен бірлесіп аудан аумағында қардың биіктігі мен тығыздығы өлшенді. Қазіргі таңда қардың орташа қалыңдығы 25-35 см болса, тоң қабатының қалыңдығы 35-49 см құрайды. Болжам бойынша ақпан айының үшінші онкүндігінде ауа температурасының көтерілуі күтіліп отыр, бұл қардың тез еруіне әсер етуі мүмкін. Биылғы су тасқынына дайындық мақсатында 150 мың дана қапшық және 950 тонна инертті материалдар (құм-қиыршық тас қоспасы) сатып алынып, ауылдарға жеткізілді. Сонымен қатар төтенше жағдай орын алған жағдайда 1000 адамға арналған төсек орындары мен кереуеттер, 500 адамға арналған құрғақ рацион, 1 моторлы темір жүзу құралы, 11 жүзу құрылғысы, 24 генератор және 52 мотопомпа дайындалды. Су тасқыны кезеңінде қажетті техникамен қамтамасыз ету үшін 22 су сорғыш автокөлікпен және 70 бірлік ауыр техникамен (бульдозер, погрузчик, экскаватор және т.б.) келісімшарт жасалды. Бұдан бөлек, алдын алу шаралары үшін қосымша 10 мың литр АИ-92 бензині және 20 мың литр дизель отыны сатып алынды.

Қазіргі уақытта аса қауіпті учаскелерден қар шығару жұмыстары жүргізілуде. Переметный, Мичурин және Январцев ауылдық округтерінен 7189 текше метр қар шығарылып, жұмыстар әлі де жалғасуда, - деді Рауан Шарханұлы.
Округ әкімдері мен бөлім басшыларын тыңдаған аудан басшысы су басу қаупі жоғары болуы ықтимал Мичурин, Достық, Байқоныс және Дариян ауылдық округтері әкімдеріне жұмыстарды ерекше бақылауға алуды тапсырды. Сондай-ақ өзен-көл жағалауындағы бау-бақша серіктестіктерінде тұратын тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

– Өткен су тасқыны кезеңдерінде көшелердегі суды сору жұмыстары кезінде қолданылған мотопомпалар өз тиімділігін көрсетті. Осыған байланысты әрбір округте кемінде жарамды 3-4 дана су сору мотопомпасының және оған қажетті жеңнің (шланг), ұзындығы кемінде 60 метр болуын қамтамасыз ету қажет. Оларды үнемі майлап, сайлап, сындарлы кезең басталғанға дейін бірнеше рет тексеріп, сақадай сай ұстау керек. «Істен шықты», «жеңі тозды» деген түрлі сылтаулар болмауы тиіс.Сонымен қатар көшелерде су көп мөлшерде жиналатын елді мекендерде, әсіресе Переметный, Дариян, Достық, Чувашин, Шалғай, Белес, Мичурин, Асан, Байқоныс, Көшім, Рубежин, Садовый және басқа да ауылдарда инженерлік жұмыстарды күшейту қажет. Яғни бөгеттерді нығайту, судың ағып кетуіне арналған арналарды ою, суды ұстап қалу үшін уақытша бөгеттер тұрғызу секілді шараларды дер кезінде жүргізу маңызды. Бұл жұмыстарға қажетті техникаларды (ассенизаторлар, погрузчиктер, бульдозерлер, ямобурлар, тракторлар және т.б.) жалға алу үшін қаражат бөліп, жанар-жағар май қорын алдын ала дайындап, әзір болыңдар. Барлық округте су басу қаупі бар тұрғын үйлер кездеседі. Сондықтан оларды қорғауға қажетті инертті материалдармен (құм және құм-қиыршық тас қоспасы) қамтамасыз ету мәселесі қиындық туғызбауы тиіс. Түйткілді мәселе болса, төтенше жағдай тақалғанда емес алдын ала айтыңдар, – деді Марат Лұқпанұлы.
Гүлжаз Баделова,
Бәйтерек ауданы