26.02.2026, 9:00
Оқылды: 41

Казталовта «Медиация – тиімді диалог алаңы» атты дөңгелек үстел өтті

Казталов аудандық кітапханада «Медиация – тиімді диалог алаңы» тақырыбында медиаторлармен дөңгелек үстел өтті. Жиынға аудан басшылығы, құқық қорғау органдары, бөлім басшылары, кәсіби және қоғамдық медиаторлар қатысты.

image-25-02-26-04-06-7

Кездесуге аудандық соттың төрағасы Нұрғалиев Әлібек Мұратұлы төрағалық етті. Ол өз сөзінде медиацияның қоғамдағы рөліне тоқталып, дауларды өркениетті, бейбіт жолмен шешудің маңызын атап өтті. Медиация – тек құқықтық құрал ғана емес, ол өзара сенім мен түсіністікке негізделген әрі заң мен тәртіпті сақтаудың маңызды құралы екенін жеткізді. Сонымен қатар, сот тәжірибесінде татуласу рәсімдерінің үлесі артып келе жатқанын айтып, бұл үрдіс сот жүктемесін азайтып, азаматтардың уақытын үнемдеуге мүмкіндік беретінін баса айтты.

Алғашқы болып сөз алған аудан әкімінің орынбасары Қайрлиев Серік Ерболатұлы медиацияның қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді сақтаудағы маңызы жоғары екенін айтты. Оның айтуынша, жергілікті деңгейде туындайтын дауларды сотқа жеткізбей шешу – азаматтар арасындағы өзара сыйластықты арттырады деп санайды.

Ішкі саясат бөлімінің басшысы Мұханбетова Айдана Ғабитқызы медиацияны насихаттау және құқықтық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстарға назар аударды. Қазіргі таңда ауданда 16 ауылдық округ бойынша 13 медиатор қызмет атқарады, оның ішінде 2-еуі кәсіби, 11-і қоғамдық негізде жұмыс істейтінін мәлімдеді.

image-25-02-26-04-06-6

Аудандық татуластыру кабинетінің меңгерушісі Тоясов Марат Харесұлы өз баяндамасында медиация кабинетінің жұмыс барысы туралы ақпарат беріп, тәжірибеде кездесетін мәселелер мен оларды шешу жолдарына тоқталды. Әсіресе, ауылдық округтерде медиация институтын дамыту, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстары атап өтілді.

image-25-02-26-04-06-5

Кездесуде заң мен тәртіп – басты назарда екені айтылды. Медиация тек қана дау-дамайды шешу құралы емес, ол – құқықтық тәртіпті сақтау мен әділетті қоғамды қалыптастырудың маңызды механизмі. Дауларды сотқа жеткізбей шешу азаматтардың уақытын үнемдеп қана қоймай, құқықтық мәдениетті арттырып, қоғамдағы сенім мен бірлікті нығайтады.

Кездесу қорытындысында айтылған ұсыныстар медиация институтын одан әрі дамытуға бағытталатыны айтылды. Медиация – әділетті қоғам қалыптастырудың маңызды тетіктерінің бірі екені атап өтіліп, қоғамдағы татулық пен тұрақтылықты сақтау – баршаның ортақ міндеті екені жеткізілді. Қатысушылар сұрақ-жауап форматында ашық диалог құрып, өз ұсыныстарын ортаға салды.

Медиация – бұл жай ғана рәсім емес, ол – келісім мәдениеті. Ал келісім бар жерде – бірлік пен сенім бар.

 

Ернәсіл Рысқалиев,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале