Бүгін Бөкей ордасы аудандық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен қазақтан шыққан тұңғыш генерал Шәкір Жексенбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай бірқатар шаралар өтті.

Мектеп оқушыларының арасында пневматикалық мылтық атудан «Мерген ару» аудандық біріншілік өтті.

Түстен кейін мерейтойлық шара аудандық мәдениет үйінде жалғасын тапты. Фойеде генерал өміріне қатысты мұрағаттардан ұйымдастырылған көрме таныстырылды.
"Алғашқы генерал феномені: Шәкір Жексенбаев тың тарихтағы орны" атты конференция өтті.

Жас ұстаз Шыңғыс Ромашев тізгіндеген конференцияда алғашқы сөз аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеген Арыстанбековке берілді.
Керей ұлының сөзіне құлақ түрсек, батырды өз көзімен көрген екен.
- 5-сыныпта оқып жүрген кезімде Бисен ауылында Бисен Жәнекешевтің ескерткіші ашылып, "Әкелер даңқы" атты слет өтті. Осы салтанатты шараға генерал Шәкір ағамыз арнайы кеп қатысты. Бала кезімде қазақтан шыққан тұңғыш генералды көріп, көзайым болдық. Соғыс көрген қаһарманмен кездесуден алған әсеріміз зор еді. Мақтанышпен айтып жүрдік, - деп батырлардың құт мекенінің бүгінгі жеткіншектеріне генерал өмірін үлгі етті.
Батырдың жиені Бауыржан Айталиева те сахна төрінен табылды. Тұңғыш генералдың тумасы Шәкір атамыздың 125 жылдығы Алматы, Астанада кеңінен атап өтіліп, мерейтойға орай кітап та бастырылып шыққанын ортаға салды. Батырдың ұрпақтары атынан ұйымдастырушыларға алғысын айтып, ризашылығын білдірді.
Конференцияда Ш.Жексенбаев мектебінің тарихшысы Шынар Сабирова, осы мектептегі музейдің жетекшісі Миршат Қапизовалар, Хан ордасы музей-қорығының әдістемешісі Жангелді Төлешовтер баяндама жасады.

Шара соңында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Исатай Құрмашев, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Нұргүл Омаровалар сұрмерген қыздарымыз бен жетекшілерін, конференция спикерлерін марапаттады.



Анар Артықбай
Суретке түсірген Әділет Абдиров
Бөкей ордасы ауданы