4.03.2026, 21:00
Оқылды: 6

Күй анасына құрмет

Көпжасар ауылындағы Д.Нұрпейісова атындағы жалпы орта білім беретін мектебі ұлы күйші, күй анасы атанған Дина Нұрпейісованың 165 жылдығына орай «Музейге жәдігер сыйла» акциясын ұйымдастырды.

image-04-03-26-05-24

Шара мектеп ауласындағы күйшінің ескерткішіне ұрпағы Бағила Бищаева мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайырғали Жайымов гүл шоқтарын қойып, тағзым етуімен бастау алды.
Салтанатты жиын мектептің мәжіліс залында жалғасты. Мектеп директоры Гүлбар Шуақбаева акцияның маңыздылығына тоқталса, аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев Дина Нұрпейісованың қазақ күй өнеріндегі тарихи орны мен тұлғалық болмысын атап өтті. Ол жиынға арнайы келген Дина әженің туған қызы Қоңырдан тараған ұрпағы, 82 жастағы Бағила әжеге құрмет көрсетіп, иығына камзол жауып, гүл ұсынды. Сонымен қатар «Әсем қоңыр» күйінің Қоңырға арналғанын айтып өтті.
Шара ақын, журналист Закария Сисенғали «Күй әже» шығармасының желісімен өрбіп, поэзия мен күйдің үндесуіне ұласты. Сахнада мектептің домбырашылар ансамблі Динаның күйлерін орындап, көрермендерге ерекше рухани әсер сыйлады. Оқушылар Бағила әжеміздің Қоңыр анасына арналған «Анама» ауторлық күйін орындап, тектінің тұяғы да өнерден құр еместігін дәлелдеді.
Шара барысында мектептің 1986 жылғы 40 жылдық түлектері музейге экспонат қоятын арнайы жабдықтар сыйлап, музей қорын толықтыруды аманат етті. Бұл – туған мектепке деген құрмет пен ұрпақ сабақтастығының жарқын үлгісі болды.
Қорытынды бөлімде дәстүрлі әндер шырқалып, «Музейге жәдігер сыйла» акциясы мектеп музейінде жалғасын тапты. Аудан тұрғындары мен Бағила әже қоржындарындағы көне заттарын музейге тарту етті. Аудан әкімі де облыс орталығынан және өзге өңірлерден Дина Нұрпейісоваға қатысты жәдігерлерді немесе олардың көшірмесін алдыру бағытында жұмыс жүргізілетінін жеткізді.
Бұл тағылымды шара – ұлттық өнерді ұлықтап, тарихи тұлғаның мұрасын жас ұрпақ санасына сіңіруге бағытталған маңызды іс-шара болды.

Сыйлыхан Жұмасалық
Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале