Бүгін Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театры сахнасында көрермендерге ерекше тарту жасалды. Театрда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері, белгілі жазушы-драматург Дулат Исабеков аударған әйгілі «Аладдин» ертегісінің премьерасы сахналанды. Шығыс ертегілерінің ғажайып әлеміне жетелейтін бұл қойылым көрермендерді сиқыр мен қиялға толы әсерлі оқиғаларға жетеледі.

«Аладдин» – ержүрек әрі адал жүректі жас жігіттің, сиқырлы шам мен құдіретті Тюльтанның таңғажайып хикаясы. Ғасырлар бойы әлем халықтарының сүйікті ертегісіне айналған бұл шығарма жақсылық пен жамандықтың, адалдық пен зұлымдықтың тартысын бейнелейді. Қойылым барысында мейірім, достық, махаббат сияқты асыл қасиеттердің күші көрсетіліп, ақ ниеттің әрдайым жеңіске жететіні көркем түрде жеткізілді.
Спектакльде басты кейіпкер Аладдиннің бейнесін актер Мизам Кеңесов сомдап, көрерменнің ықыласына бөленді. Сонымен қатар сахнада Ақтілек Шалабаева, Алмагүл Жантуринова, Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі Асылжан Жакин, Асылан Сарсенбиев, Ерсұлтан Мурзағалиев, Назгүл Батанова, Бота Сарсенова сынды талантты актерлер өнер көрсетіп, қойылымның көркемдік деңгейін биіктете түсті. Әр актер өз кейіпкерінің мінезі мен болмысын шынайы жеткізіп, көрерменді ертегінің қызықты әлеміне енгізе білді.

Қойылымның қоюшы режиссері – Қырғызстан Театр қайраткерлері одағының лауреаты, А. Сарлыкбеков атындағы сыйлықтың иегері, ҚР мәдениет саласының үздігі Самал Абуов. Режиссер ертегілік туындыны сахнада ерекше көркемдік шешіммен ұсынып, спектакльге әдемі динамика мен әсерлі атмосфера сыйлады.

Қоюшы суретші Юлия Довгань, ал костюм суретшісі Елена Кузнецова спектакльдің көркемдік әлемін байыта түсті. Қойылым үшін арнайы тігілген шығыстық сәнді костюмдер, ерекше сахналық декорациялар мен өзіндік музыкалық әрлеу көрерменге нағыз ертегі әлемін сезінуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар жарқын билер мен комедиялық элементтер спектакльдің тартымдылығын арттырып, оны барлық жастағы көрерменге қызықты етті.
Премьера кешінде көрермендер сахнадағы әсерлі көріністер мен актерлердің шынайы ойынына тәнті болып, қойылымды жылы қабылдады. Балаларға қиялға толы қызықты ертегі сыйлаған спектакль үлкендерге де жақсылық пен адамгершілік туралы терең ой тастады.

Осылайша, «Аладдин» спектаклі театр репертуарын тағы бір толықтырған жарқын туындыға айналып, көрерменге қуаныш пен ұмытылмас әсер сыйлаған ерекше премьера болды.
Айым Қайыржанқызы
Автор театртанушы