14.03.2026, 12:30
Оқылды: 7

Шыңғырлауда қар суымен күрес жұмыстары жүріп жатыр

Көктемнің келуімен бірге Шыңғырлау ауданы аумағында қар суымен күрес жұмыстары басталып кетті. Ауа райының жылынуына байланысты көшелердегі қар еріп, негізгі жолдарда қар суының ағыстары пайда бола бастады. Сондықтан көктемгі тасқынның алдын алу мақсатында аудан көлемінде жүйелі әрі ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

image-14-03-26-01-31

Аудан орталығында бірнеше көшелердің қары арнайы техникалардың көмегімен шығарылып, бұл жұмыстар әлі де белсенді жалғасып жатыр. Еріген қар суының кедергісіз ағуын қамтамасыз ету үшін су жолдары мен суағар құбырларды тазарту жұмыстары жүргізілуде.
Аудан бойынша қардың күрт еруінің салдарын азайту мақсатында кең көлемді сенбілік ұйымдастырылды. Барлық мекемелерге көшелер, арықтар мен су өтетін құбырлар бекітіліп беріліп, мекемелер мен бөлімдердің ұжымдары тазалық және аршу жұмыстарына белсенді түрде қатысуда. Бұл- көптің күші біріккенде үлкен істің атқарылатынын көрсетеді. Қазақта «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген сөз бар. Осындай ортақ іске барша жұрттың атсалысуы- елдік пен бірліктің көрінісі.

image-14-03-26-01-31-2
Қазіргі уақытта Л.Қылышев, Ю.Гагарин, М.Мәметова, А.Құнанбаев, Д.Хамитов, Ә.Молдағұлова, Қ.Рахимова көшелері, Бөкенбай батыр, С.Датов көшелері, сондай-ақ Қазақстан, М.Өтемісов, Ынтымақ көшелері бойындағы су жолдары мен құбырлар тазартылды. Сонымен қатар Ж.Қазымов пен Д.Бесчасов көшелері маңы мен ипотекалық тұрғын үйлер орналасқан Астана көшесінің бойы мен қиылыстарындағы суағар жүйелері де аршылды.
Мұндай жұмыстар Көкжайлау, Бейбітшілік, Тәуелсіздік және Г.Шевцов көшелерінде де жүргізілуде. Сондай-ақ И.Тайманов, Ақсай көшелерінде, Амангелді Иманов пен М.Қуантаев көшелерінің қиылысында, Жеңіс пен М.Ержанов көшелерінің тұсында тазарту жұмыстары атқарылды. Бұдан бөлек Маршал Жуков, Тың игерушілер көшелері, «Дән» кәсіпорны аумағындағы Жақсығалиев және Тасмағамбетов көшелері бойындағы суағар тұрбалар, Достық пен Ғ.Тоқай көшелеріндегі құбырлар да тазартылып жатыр.
Ғ.Мұратбаев көшесінің басынан ауыл сыртындағы айналма тасжолға дейінгі су жолдары мен суағар құбырларды Орман шаруашылығы мен Электр желілерін тарату мекемесінің ұжымы толықтай тазалап шықты. Алайда аталмыш көшеден жанар-жағармай құю стансасына қарай шығатын жол бойында суағар құбыр салынбаған. Тазартылған арнамен ағып келген судың әрі қарай қалай бағыт алатыны әзірге белгісіз. Мұндай мәселелер алдағы уақытта назарға алынуы тиіс.
Жалпы мұндай сенбіліктер ауылдық округтерде жүргізіліп жатыр.
Қазіргі уақытта ауыр техникалардың көмегімен көшелердегі қарды шығару жұмыстары тоқтаусыз жүргізілуде. Дегенмен көшелерде қар әлі де мол. Сондықтан мұндай істе көптің қолдауы мен көмегі қажет. «Саусақ бірікпей- ине ілікпейді» дейді дана халқымыз. Табиғаттың тосын мінезіне қарсы тұру үшін де халық пен мекемелер бірлесе әрекет еткені жөн.
Егер әр тұрғын өз ауласының маңын тазалап, су жүретін арықтарды ашуға үлес қосса, үлкен қауіптің алдын алуға болады. Басты мәселе- көктемгі кезеңде сақтық пен ұйымшылдық!
Сондықтан аудан тұрғындарын тазалық пен қауіпсіздік шараларына белсенді қатысуға шақырамыз. Ел болып жұмылып әрекет етсек, көктемгі қар суының қаупін де еңсеруге толық мүмкіндік бар.

Нұрғали Төлегенов,

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале