14 наурыз – Көрісу айт күні мерекесіне орай Ғ.Құрманғалиев атындағы мәдени-демалыс орталығы фоесінде «Ұлттық мұра – 2026» атты аудандық байқау ұйымдастырылды.

Халқымызда «Өткенін білмегеннің – болашағы бұлыңғыр» деген дана сөз бар. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан асыл қазынамыз, ата-бабамыздан қалған баға жетпес байлығымыз-ол біздің ұлттық мұрамыз.
Ұлттық мұра – халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, өнері мен мәдениеті, қолөнері мен тағамы, тарихы мен тілі. Осындай құндылықтар арқылы біз өткенімізді танимыз, болашағымызды айқындаймыз.

«Ұлттық мұра» байқауының басты мақсаты – халқымыздың ұмытылмас салт-дәстүрін жаңғырту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жас ұрпақтың бойына ұлттық рухты сіңіру болып табылады.

Айтулы мерекеге орай ұйымдастырылған, салт-дәстүрімізді дәріптеуге арналған шарада сөз сөйлеген аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев:
– Баршаңызды көктемнің ғажайып мерекесі – Көрісу мерекесімен шын жүректен құттықтаймын.
Көктемнің алғашқы лебін ала келетін бұл күнді жұртшылық ежелден асыға күткен. Елдік пен ынтымаққа шақыратын осы мейрам ұлтымыздың бауырмалдық салтының жарқын көрінісі.
Ежелден келе жатқан Көрісу күні – ұлтымыздың ұрпақтан ұрпаққа қалдырып отырған рухани қазынасы. Жалпы көрісу – қазақ халқының өскелең ұрпақты ізгілік пен бауырмалдыққа бастайтын ерекше үрдістердің бірі Бұл күн – өкпе реніш кешіріліп, араздық ұмытылатын, ағайын-туысқа амандық-саулық, құт-береке тілейтін күн, - деді.

Ұлттық мұрамызды насихаттауға арналған байқауға барлық ауылдық округтерден он саусағынан өнер тамған шеберлер, өнерлі өнерпаздар қатысып бақтарын сынады.

Сахнаға шығып қойылымдарын сахналаған ауылдық округтердің өнерпаздары «Бастаңғы», «Баланы ашамайға отырғызу», «Ерулік беру», «Бел көтерер», «Тұсау кесу», «Аушадияр» сынды дәстүріміз бен әдет-ғүрпымыздан көріністер көрсетті.

Салт-дәстүрімізді дәріптеуге арналған шарада «Ұлттық мұра – 2026» аудандық байқауының Бас жүлдесін Саралжын ауылдық округінің өнерпаздары жеңіп алды. Байқауда «Үздік ұлттық тағам» аталымымен Аққозы ауылдық округі, «Үздік қолөнер шебері» аталымымен Шөптікөл ауылы, «Үздік сахналық көрініс» аталымымен Сулыкөл ауылдық округі, «Үздік ұлттық нақыш» аталымымен Жусандыой ауылдық округі марапатталды.
Серікбай Хасанов
Қаратөбе ауданы