Орал қаласының әкімі Мұрат Байменов Құрманғазы атындағы саз колледжіндегі №450 референдум учаскесінде дауыс берді.

- Бүгін – еліміз үшін де, біздің отбасымыз үшін де өте маңызды күн. Отбасыммен бірге келіп, еліміздің болашағы үшін таңдауымды жасадым. Республикалық референдум – мемлекетіміздің қоғамдық-саяси өмірінде айрықша маңызға ие. Қазір қалада 136 референдум учаскесі жұмыс істеп жатыр. Кеше жалпыхалықтық Наурызнама онкүндігі басталады. Мерекелік онкүндіктің алғашқы күні – «Көрісу күні – Амал мерекесіне» арналды. Біз өңірдің және қала экономикасының дамуына елеулі үлес қосқан азаматтардың үйлеріне барып көрісіп қайттық, - деді Мұрат Байменов.

«Жұбайым екеуміз немеремізді үлгі көрсету үшін ертіп келдік. Қазірден бастап саяси науқанға қатысудың маңызын түсіне берсін. Елімізде тыныштық болсын», - деген зейнетркер Төлеген Хайрушев референдумның ел үшін маңызы зор екенін атап өтті.

№450 референдум учаскесі комиссиясының төрағасы Роза Зайнуллинаның айтуынша бұл учаскеде 2254 сайлаушы бар. Оның төртеуі үйден дауыс беруге өтініш білдірген. Ал сегіз адам іссапарда болуына байланысты басқа учаскеде дауыс бермек.
- Сайлаушылардың дауыс беруге белсенділігі өте жоғары. Таңғы сағат жетіде 10 кісі дауыс беруге келді. Әсіресе жасы сексенге таяған қариялардың өздері келіп, таңдауларын жасады. Үйден таңдау жасайтын егде жастағы азаматтар сағат 12.00-ден кейін дауыс береді. Учаскеде сайлаушыларға барлық жағдай жасалды. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы кабина орнатылды. Көзі көрмейтін жандарға трафареттер мен лупалар қойылды, - деді комиссия төрағасы.
Айна Имашева
«Орал өңірі»