17 наурызға қараған түн - қасиетті Қадір түні, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сурет: massaget.kz
Қадір түні қандай түн?
Қадір түні араб тілінде Ляйлятуль-Кадр немесе Аль-Кадр деп айтылады. Мағынасы "қасиетті, қадірлі, құдіретті, маңызды түн" дегенді білдіреді. Қадір түнінде Мұхаммед пайғамбарға Жәбірейіл періште келіп, Құранды берген делінеді. Бұл Рамазан айының аяғында, яғни соңғы түндерінің бірінде болған.
Оразада мың айдан да қадірлі түн бар екені айтылады. Бұл түн Қадір түніне сәйкес келеді. Қадір түні туралы Құран Кәрімнің "Қадір сүресінде" де айтылған.
Құранда Қадір түні оразаның соңғы он түнінің бірінде екені айтылған, бірақ нақты күні айтылмаған. Бұл түні періштелер жерге түсіп, береке орнайды делінеді.
Қадір түнінде не істеу керек?
Қадір түні басталғанға дейін толық дәрет алған жөн, сонымен қатар, адам теріс ойлардан жаны мен жүрегін аулақ ұстағаны дұрыс. Осы түнде жасаған күнәлар үшін кешірім сұрап, көп дұға еткен жөн.
Құлшылық жасап, сауапқа кенелетін ең ұтымды уақыт - Қадір түні. Сонымен қатар, Құран оқып, мағынасын түсініп, діни білім алған абзал екені айтылады.
Қадір түнінде не істемеу керек?
Қыдыр ата келе ма?
Бұған дейін Нұрлан имам бұл түні Қыдыр атаны күтудің қажеті жоқ екенін айтты.
"Кейбіреулер терезені ашып қояды, шекер қояды, дастархан жаяды. Ешкім келмейді, ешкімді күтпеу керек. Кімде кім күтсе, көзіне елестеп, адасып кету қаупі бар. Бұл біреуді күтіп, есеп айырысатын күн емес. Бұл - тек құлшылық түні", - деп ескертті имам.
Ораза туралы
Ораза - мұсылмандар үшін маңызды құлшылықтың бірі. Ол - тек ас-судан тыйылу емес, рухани кемелденіп, сабыр сақтап, өзін-өзі тәрбиелейтін ерекше ғибадат.
Сәресіне арналған дұға
"Алланың разылығы үшін Рамазан айының оразасын таң атқаннан күн батқанға дейін ұстауға ниет еттім".
Ауызашар дұғасы
"Сенің разылығың үшін ораза ұстадым, саған иман келтірдім, саған тәуекел еттім. Берген ризық-несібеңмен ауыз аштым. Уа, кешірімді Алла! Менің алдыңғы және соңғы күнәмді кешіре көр!"
Ораза айт мерекесі қашан?
ҚМДБ мәліметінше, 20 наурыз - Ораза айт мерекесі.