16.03.2026, 16:30
Оқылды: 117

Көкірегі көктем - жыр ақын хақында

1988 жылы мектеп бітірген сарыауыз балапан кезімізде Теке қаласына оқуға келдік. Арманымыз оқуға түсу, оның үстіне, атақты пединститутқа. Оған әсер еткен, әрине, ата-анамыз, апа, ағамыз. Кезінде олар осы оқу орнын бітірген. Фотоальбомдарын көріп, қызығып өстім.

WhatsApp Image 2026-03-16 at 17.16.20

Көптеген кластастарым шамасына қарап, техникум таңдап жатты. Өзімше дайындығым жақсы. Алла деп, қазақ тілі мен әдебиетіне құжат тапсырдым. Конкурс қатты, себебі, сосын білдік, еліміздің батыс өңірінде қазақ тілі мен әдебиеті біздің Оралда екен, басқа қалаларда кейін ашыла бастаған.

1986 жылғы қазақ халқының бұлқынысынан кейінгі дүмпу әсер етті ме, алатын студент саны 25-тен 75-ке көбейтіліпті, яғни мүмкіндік көп, қазіргіше айтқанда шанс бар. Шығармадан төрт алдым, жазуым нашар, соған қарағанда, тәуірлеу, яғни лекерге келетін ойлар болғаны шығар деп топшыладым. Ендігі кезек ауызша емтихан. Кімнің кім екенін анық көрсететін – меже.

Емтихан болатын уақыт та жетті. Абитуриенттерді кезекшілер тәртіппен ғимаратқа жіберуде. Төртінші қабаттағы емтихан өтіп жатқан аудиторияға кезегім келгенде алдымда бір аяғын сылтып басатын жігіт кіріп кетті. Одан соң мені кіргізді. Әлі есімде, емтихан қабылдаушылар – көзілдірікті жұқалтаң ағай мен аққұбаша апай. Кейін білдім, профессор Қалимолла Мырзағалиев пен аға оқытушы Меруерт Жолдықайырова екен. Дайындыққа уақыт беріледі ғой, соны тиімді пайдаланып, асығып, жауаптарымды қағазға жазып жатырмын. Бір кезде менің алдымдағы жігіт емтихан тапсыруға шақырылды. Оның жауаптарына мән бермей, өзімнің сұрақтарыма дайындалайын дегенім болмады, себебі жігіттің қоңыр дауыс жарқын шықты.

- Ағай, - деп бастады әлгі жігіт, қазақ тілі бойынша келген сұрақтарға жауабым толық емес, өтірік айтып қайтейін, кешірім сұраймын, - деді. Маған өзі мәдениетті жан екен, өтірік бұлталаққа салмады деген ой келді.

- Мектепті биыл бітірмеген сияқтысың ғой, - деді көзілдірікті ағай.

- Ия, мектеп бітіргеніме біраз уақыт болды, - деді жігіт.

- Е,  дайындыққа біраз уақытың болған екен, ендеше әдебиет бойынша сұрақтарға жауабың бар ма? – деді ағай, апайға бір қарап қойып. Соған қарағанда, қазақ тілі бойынша, апай жауап тыңдайтын болса керек деп ойладым.

Бүгінде оның билетінде әдебиет бойынша қандай сұрақ келгенін ұмыттым. Бірақ әдебиетті терең білетінін бірден байқатты. Талдаулары, кейіпкерлердің мінезін ашудағы баяндау тілінің жатықтығы менің зейінімді еріксіз солай қарай бұра берді.

- Әдебиеттен жауабыңа риза боп қалдым, - деді ағай. Ал мына үшінші сұраққа мысалдар келтіре аласың ба, тексті білесің бе, өзің? – деп сұрады ағай.

- Иә, ағай, - деді әлгі жігіт. Содан соң, ауызынан өлең, жырлардың мәтіндері ақтарылды ғой. Дастандарды жатқа айтты, ағай қызығып, әртүрлі ақындардан сұрайды келіп, ана жігіт олардың өлеңдерін жатқа айтады. Бір мүдіру деген атымен жоқ. Аудиториядағылардың барлығы дерлік қарап, тыңдап отырмыз.

- Ал, өзің қай ақынды ұнатасың? – деп сұрады ағай, риза үнмен.

- Бәрі де ұнайды, әсіресе, Жұматай Жақыпбаев, - деді жігіт.

- Әсіресе, Ләйлісі, - деп қосып қойды.

Мен елең ете түстім, себебі өз әкем – ақын. Бір-екі жыл турасында «Жалын» журналында жатып қалған, ешкім баспаған өлеңдерін журналға шығарған – Жұматай Жақыпбаев деген ақын.

«Жаны нәзік, өзі нар жігіт екен. Мені мүлдем білмейді, бірақ өлеңдеріңде өзіндік үн бар деп шығарды. Мен кіммін оған, сонда да қиырда жатқан мені еледі» деп айтқан әкемнің сөзінен білемін, алайда өзім оның жырларын ол кезде оқымағанмын.

- Жақсы, өткізейік, қазақ тілін сосын оқырсың - деді ағай. Апай үнсіз ғана басын изеді. Апайдың сол кездің өзінде ер адамды, оның үстіне, ғалымды құрметтейтінін аңғардым.

Жігіт басын изеп, рахметін білдіріп, шығып кетті.

Сөйтіп, бұл жігітті алғаш көргенім есімде қалды.

Екінші көруім, танысуымыз, былай болды.

Ол кезде шілде айы, күн ыстық, пединститут алаңында халық көп, ата-анасымен жүрген қыздар, жігіттер. Отыратын скамейкаларда үлкен кісілер, орын жоқ. Алаңның оң жағында мырза терек пен майысқан қайыңдар өседі, бір мәжнүнтал өсіп тұр. Сол алаңқайда көк майса шөпте бір жігіт шынтақтап жатыр. Шаршаған менде қасына барайын деп шештім. Келсем әлгіндегі жігіт. Маған қарап жымиды да: - Кел, шаршадың ба, жайғас, - деді. Қасына көк шөптің үстіне жайғастым. Маған қарап: - Қобылан, - деді, қолын ұсынып.

Міне, солай таныстық. Ол кезде тарих пәні бойынша емтихан тапсырып, конкурс күтудеміз. Менің көзілдірігіме қарап, - Манағы ағай, көзілдірігі барларға бір балл қосылады дегенді айтты ғой, - деп әзілдеді. Содан оның үнемі әзіл айтып жүретін қасиетін байқадым.

WhatsApp Image 2026-03-16 at 17.17.39

Содан екеуіміз оқуға түсіп, тағдыр Қобылан Қуановпен солай тоғыстырды.

Өзі ақын екен, өлеңдері сыршыл келеді екен. Бірақ ол кезде оны білмедім. Екеуіміз бір топқа түспедік, бірақ та бір-бірімізге өте жақын, сырлас болып кеттік. Оның үстіне, оның туған жездесі Тасқали ағамыз біздің Қаратөбенікі екен, ал апасы бір керемет жан екен. СМП-да өздері жұпыны тұратын апа-жездесінің үйіне Қобақаң аш студенттерді шұбыртып, ертіп барады. Ал апасы бір қабақ шытуды білмейді ғой. Қобақаң десе апа-жездесінің жаны бөлек. Ол кездің адамдарының пейілі кең еді ғой.

Содан 8 Наурыз, көктем мерекесі, сұлулардың мейрамы келіп жетті ғой. Жігіттер қызу дайындық үстіндеміз. Әркім өзінің білетін өнерін салып, мерекелік концерт дайындадық. Мэлс Нұрым жыраудың термесін айтқан сияқты, ал Сағынбек өзінің шығарған «Жастық» күйін домбырада тартып бергені есімде, әйтеуір әртүрлі қойылым болды. Интермедия, ән-жыр т.т. Бір кезде Қобылан сахнаға шықты. Сөзін былай бастады:

- Өздерің білесіңдер, мен аздап өлең жазам ғой. Ақындар әйелдер қауымына арнап, есімдерін жасырып, «Қ-ға», «Ж-ға» деп жазып жатады ғой. Менде олай емес, бір адамға емес, екі адамға арнаған жыр жаздым, сиясы кеппеген. Өзіміздің ең сұлу қыздарымызға арналған, қабыл алыңыздар, - деді де өлеңін оқыды. Шулап отырған жастар сілтідей тынды. Өлең бірден бәрімізге жатталып қалды.

Екі қыз бар бірінен өткен бірі,

Екеуі де құлпырған көктем гүлі.

Екеуін де ұнатам екеуі де

Көңілімнің болып жүр көптен мұңы.

 

Екеуі де солайша елеңдерім,

Екеуін де, қайтейін, көрем керім.

Білмеймін қайсысына арналады

Махаббатқа жазылған өлеңдерім.

 

Көктемеде тұрмай ма өңір гүлдеп,

Сол өңірге тоймаймын көңіл гүлдеп.

Сол гүлдерді жұлғанша өмір бойы

Қолым жетпей жүргені көңілдірек.

Бұнда жас жігіттің сұлуларды алыстан аялаған аппақ кіршіксіз көңілі мен көктемгі бәйшешектей қылтиып шыққан жас өскіндей сезімі сезіледі. «Аруларды алыстан сүйген ойшыл Платондай» демей ме, алыстан аялаған сыршыл сезім ғана нағыз ақынға тән. Осы қалпынан айнымаған ақын күні бүгінге дейін өзінің лирикасымен бірге жасап келеді. Оның сыршыл жырлары – «Мұқағали айтқандай» оның жан серігі. Жә, ақын жырларын соңынан талдармыз. Сол кездерге тағы бір шегініс жасалық.

Бірде ақын Жанғали аға Набиуллинмен кездесу болды. Әрине, ұйымдастырған Қажым Жұмалиев атындағы әдеби бірлестік. Жетекшісі – студенттердің сүйікті ұстазы, доцент Серікқали Шарабасов, бірлестік басшысы – Мира Шүйіншәлиева.

Ақын өз жырларын оқып болған соң, Мэлстен бастап, қазақ филологиясы жігіттері өз жырларын оқыды. Мэлстің, Қобыланның жырлары ақынға бірден ұнады. Қобылан өзінің «Даладағы ой» деген өлеңін оқыды. Бұл өлеңді оқысаң, көз алдыңа қазақтың мұңы болған, малы мен шөбі егіз біткен сары даласы келеді.

Сұлық жатыр сусап дала, қыраттар,

Келбетінде күнсіп жатқан сұрақ бар.

Қалың бұлтты қолым бұлғап шақырсам,

Қарамады дейді мынау құрақтар.

 

Күндер өткен бұрынғыдай су таңдар,

Дейді қурап қалған қайран жусандар.

... Қара басып аңызақта қалармыз,

Қайтер еді сыпырғыш қып бусаңдар.

 

Іреңінен ашу атып күтпеген,

Біздің енді неміз қалды бітпеген.

... Қояндарды қырып-жойған сендер ме,

Дейді аяқ асты жатқан сүттіген

 

Бәріне де ортақ екен бұл қайғы,

Ащы өксік көкіректі тырнайды.

... Мойын созып түйе-тайлақ қайда деп,

Жолаушыдан тіккен шөп те сұрайды.

 

Бәріменен құшақ жайып тілдесер,

Бәріне де қажет, қажет бір нөсер.

... Шабытымның шаңын қағып алмақ ем,

Қой, қайтайын,

Мынау неғып тұр десер.

- Шүкір, әлі де бар екен, жыр шоғы сөнбепті, - деп күрсінді ақын. Өлеңдерің керемет. Маған ұнады. Қобыланның өлеңінің лирикасы әдемі екен. Ал Мэлстің өлеңінде қысым күшті, - деді ақын. Оны біз поэзияда давление дейміз, - деп қосты. Давление жасайтын, ақанның бөлектігі, Мэлсте қан бөлек екен, - деп мақтап жіберді. Мақтауды кім жек көрсін:

- Ағай, дұрыс айтасыз, бізде қан бөлек қой, - деді Мэлс көтеріліп.

Сонда Қобақаң: - Мен білетін қанның төрт тобы бар ғой, сонда ол қандай бөлек қан, ол топтарға жатпайтын, - демесі бар ма? Отырғандар ду күлді. Жанғали ағай, күліп, басын шайқап: - Әй, сен бала, тауып айтатын, айтқыш екенсің ғой, аты-жөнің кім, – деп анықтап сұрап жатты.

Қобыланның айтқыштығы факультетте кең тарады. Бірде Қобылан «Орал өңірі» газетіне қазақ филологиясы жігіттерінің өлеңдерін алып барады ғой. Поэзия бөлімінің басшысы ақиық ақын Ғайсағали Сейтақ болатын. Жақсы білеміз, інісі – ақын Айбатыр Сейтақ бізде оқиды. Қобыландай емес, бұрқыратып жазып жатады.

Сонда Қобақаңның маған айтқаны есімде: - Ағай асықпай отырып, өлеңдердің барлығын оқып шықты да, маған айтты дейді.               – Қобылан, біздер, газет бетінде «Жайық жастарының жырлары» деп өлең жазатын жастардың жырларына үлкен бет арнамақпыз. Ол мына өлеңдердің ішінде Мэлс, Айбатыр, Тоқұлов Тұрар және сенікі болмаса, басқалардың жазғандары басуға келмейді ғой. Бет толмайды ғой.

Сонда Қобылан айттым дейді: «– Ағай, үлкен бет шықпаса не істейін, ал жазбайды, мүлдем жазбайды, сонда оларға не істейсіз? Олардың осындай төмен болса да «өлең» жазғанына шүкір деңіз». Ғайсағали ағай менің уәжіме күліп жіберді де: - Шынында, өлең жазбаса не істейміз, - деп жауап қатыпты».

Тағы бір айтқаны есіме түсіп тұр. Қазақ филологиясы жеке факультет болып, Серікқали ағай декан не орынбасар болып, қазір есімде жоқ, соған студенттер қуанып жатты. Дәлізде үзілісте тұрмыз. Серікқали ағай декан болып тағайындалғанына көңілі көтерілді ме, кім білсін, өтіп бара жатып, Қобыланның аяғын сылтып басатынын біледі ғой оған қарап: - Қобылан жағдайың қалай деп сұрады? Ол кезде Кеңес Одағы ыдырауға жақындап, заман қиындап, тамақ талон деген пәлемен берілетін кез туған шақ еді. Қобылан деканға қарап:

- Жағдай жақсартатын шамаңыз бар ма, декан жолдас? – деді.

Ағай: - Жоқ, - деді.

Қобылан: - Онда несін сұрайсыз? – деді. Тұрғандар ду күліп жатырмыз.

- Түу, - деп не айтарын білмей, ағай аузын жауып, басын қисайтып, тез басып кетіп қалды.

Студент кезінде Қобылан көптеген ақындармен араласып, сырлас болып кетті. Атап айтсақ, Айбатыр Сейтақ, Мэлс Қосымбаев, Мира Шүйіншәлиева, Сабыр Адай, Талап Таймасұлы, Тұрар Тоқұлов, Абай Отаралиев, Елена Әбдіхалықова, Жібек Болтанова, Асхат Маемиров, Назгүл Кәрімова т.т.

Бірде Қобақаң мүйізі қарағайдай фольклор білгірі Мәтжан ағайды да сөзден тосылдырғаны бар. Ол кезде, 1992 жылы, мен институтта оқытушы болып қалдырылған жас маман болып жұмыс істеймін. Содан Мәтжан ағай: - Ана сенің қуақы ақын досың мені сөзден тосылдырды, тіпті, не деп жауап айтарымды білмей қалдым, - деді. Ағайдан сұрасам оқиға былай болған екен.

Профессор Мәтжан Тілеужанов 1991 жылы күзде 1993 жылы бітіретін біздерді кадрлар жетіспеуде деп, бәрімізге қол қойдыртып, Министрлікке өтініш ұйымдастырды. Сөйтіп ол өтінішті Министрлік мақұлдап, 1992 жылы біздер, бізден бір жыл бұрын түскендермен қабаттаса, институтты бітірдік. Содан Қобақаң туған жері Тайыр ауылының бір фермасына мұғалім болып кетті. Оның үстіне, тәрбие меңгерушісі болып ұстаздық жолын бастайды ғой. Содан қараша айында қалаға білім жетілдіру курсына бір адам бару керек болады. Мұғалімдердің сылтауы көп қой, біреуінің сиыры бұзауламақшы, біреуінің аяғы ауыр, біреуінің енесі ауру дегендей. Ал ол болса, өзі айтқандай, «күнде бір аяқ жол, тырп-тырп басып барамын, тырп-тырп басып келемін» дегендей жүріп жатады. Содан Қобыланға айтады ғой сен бармайсың ба деп? Өзі қаланы сағынып, әзер жүрген Қобақаң қуанып кетеді де, қалаға тартады ғой. Сабаққа келсе, дәріс оқуға профессор Мәтжан ағай келіп тұр дейді. Қобыланды көріп: - Әй, Қуанов, сен мұнда неғып отырсың? Аудандық білім бөлімі неге жіберген? Сен биыл бітірдің, ереже бойынша сен тек бес жылдан кейін келуің керек қой, - дейді. Сонда Қобылан: - Бір жыл оқуларың кем, бар, оқып кел деп жіберді, - дейді. Ағай аузына сөз түспей қалыпты, өйткені ерте бітіруді ұйымдастырған өзі ғой.

Сөз арасында айта кетелік, Қобақаң ауылда жүргенде ауыл жастарының қамқоршысы болады ғой. Бірде қалаға келгенде Ерденбек деген дарынды жас бар, қазақ филологиясына алыңдаушы, қамқор болыңдаршы деп тапсырғаны есімде. Соңынан айтса айтқандай, жанып тұрған жас екен, бүгінде тілі көркем керемет журналист болды.

Осы газетте қызмет еткен кезінде Қазыбек Құттымұратұлы, Фазыл Мұштанов, Рашид Шақу, Мұнайдар Балмолда, Меңдолла Шамұрат, Бауыржан Халиолла  т.т. дарынды жастармен шығармашылық достықта болып, сазгерлермен бірлесе туындылар жазуды бастады.

Ол газетте тілші болып жұмыс жасаған кезінде тағы бір тауып айтқаны есімде қалыпты.

Қобылан елде біраз ұстаздық қызметте болып, содан «Орал өңірі» газетінде тілші болып ойдай жұмыс жасады. Содан әкімдіктен газеттің штатынан бір адамды қысқарту керек деген ұйғарым келеді ғой. Ұжым жиналып, кімді қысқартамыз деп ақылдасып жатады ғой. Көпшілігінің Қобақаң айтқандай «жүректері суылдап, көңілдері дегбірсізденіп» жатқанда, мен тұрып айттым дейді: «Ау, ағайын, мені қысқартыңыздар, бала-шағасы барларға тимеңдер, бойдақ мені қысқартпағанда, кімді қысқартасыздар».

Осы уақытқа дейін ақын ағамыздың жеке жыр жинағы шықпаған екен, осы олқылықтың орнын толтырып, бұйыртса, жыр жинағын шығарған кезде «Қобылан қағытпалары» деп жинап жүрген әзіл, қағытпаларын жекелей берермін деп ойлап отырмын.

Сөйтіп, сүйікті газетінен алыстаған Қобақаң тағдыр тезіне түсіп, еңбекке араласты. Дегенмен өлең ауылынан әсте алыстаған емес. Қуандық Мәдір, Әділбек Сүлейменов сияқты өңірімізге белгілі сазгерлермен шығармашылық одақ құрып, бірқатар тәуір дүниелерді өмірге әкелді. Атап айтсақ, «Оралым – Достық қаласы», «Кешігіп келген махаббат», «Теміржолшылар әні», «Жігерлі жастар», «Бүгінгі Жаңа Орда», «Евразия», «Тойларым» т.т. бірқыдыру әндері қалың көпшіліктің жылы ықыласына ие болды. Әсіресе, марқұм Табылды Досымов «Кешігіп келген махаббат» әнін шебер орындайтын еді.

Ақын Қобылан лирикасы тіліне келер болсақ, оның тілі көркемдігімен, қазақы бояуымен өз оқырманының жүрегіне жылы тиіп, баурап алып кетеді. Оның тілінде шарт етер, не бұлқ етер, ақынның шамшыл келер мінезі мүлдем жоқ, себебі ақын өзі өмірде адам көңіліне қарап тұрар биязы мінезді адам ғой. Жазушы Рахымжан Отарбаевтың Ғабит Мүсірепов туралы: «Ол әдебиетке тек хобби ретінде қарады, әдебиетті жұмыс қылмады» дегеніндей, ақын әдебиетті сүйікті ісі ретінде қарады деп пайымдаймыз. Сол себептен де шығар, ақын боп өмір сүргенде поэзияны серік қылды, бірақ шығармашылық жұмысқа толық ден қоймады.

Қобылан поэзиясы табиғатпен үндесіп жататындығымен ерекшеленеді, оның тілінде тек таза табиғат қана суреттер бейнеледі. Ақын метафоралары қарапайым да кейде авторлы сипатта келеді. Мәселен:

Талдай боп өсіп, гүл аттым,

Жылуын сезіп шуақтың.

Тамыры терең Теректе,

Жапырағы бар бұтақпын.

Осында ақын өзін Жұмекен ақын жазғандай, «Тамыры тереңдегі, жапырақтары биіктегі» ақын боп сезінеді. Немесе, өзін «бәйтерек» сезінеді, мәселен:

«Бәйтерек болып бір-ақ күн,

Жапырақтарым бүр атсын.

Ақын қазақы дәстүрлі метафораларды жиі қолданады, қарапайым жырмен қарапайым қазақты суреттейді. Өмірден өткен ағасын жоқтап жазған жырында, ағасының бейнесін көз алдыңа дәстүрлі метафорамен алып келеді. Мысалы:

Айтушы едік ағатай деп, көке деп,

Жағынғанды көруші еді өте жек.

Ауылымның үлкені мен кішісі,

Алдын кесіп өтпеуші еді Төкелеп.

 

Ауылдасқа қайырымы мол еді,

Қолұшының тиді қанша көмегі.

Астындағы атын түсіп беретін,

Мен білетін соңғы қазақ сол еді.

Ақынды өз халқының жастарының тағдыры да бей-жай қалдырмайды, «Ойлансаңшы, Жас Қазақ..?!» сонда да оларды табиғат суретімен алмастырады.

Шулап кетті кең атырап,,.

Келе алмай тұр сабырға

Біз бұтақпыз,сен жапырақ,

Балта шаппа тамырға.

Тағы бір мысал келтірелік:

Бауырында өскен бөктердің,

Бір тамыры едім шөптердің.

Осы жолдарда өзін «шөптің бір тамыры» едім деп айшықтайды. Жалпы Қобылан ақын табиғаттың аялаушысы, оған табиғат-ана, табиғат-ару, табиғат-қарындас.

Бүгінде кейіптеу дәрежесінен шығып, бинармды метафора дәрежесіне өткен сипаттағы метафоралар да ақын тілінде кездеседі.

Мысалы: Құс-көңіл аралап ұшады,

Табынып Тәңірге буған бел.

Білдің бе, ананың құшағы,

Балаға қашанда туған жер.

Осындағы «Құс-көңіл аралап ұшады, ананың құшағы – балаға қашанда туған жер» соны сөз қолданыстарын атап айтқымыз келеді.

Тағы бір мысал алалық:

Жүрегімді сыздатып,

Мазалайды қайғы еппен.

Ертеңгі үміт, бір бақыт,

Сығалайды әйнектен.

Осы жолдардағы «Ертеңгі үміт, бір бақыт, сығалайды әйнектен» деп кейіптеу арқылы өзінің қазіргі болмысын бейнелейді.

Ақын жырында теңеулер де молынан қолданылады. Олар тұрақты теңеулер болып қолданылады. Мәселен:

Бетегеден биік, жусандай,

Бойында қырдың өскенмін.

Сондай-ақ, ақын тілінде авторлы теңеулер жиі кездеседі:

Мәселен:

Уақыттай жылдам ағыстың,

Күндеріменен алыстым.

Қаңбақтай ұшып кетпедім,

Ақселеу шөптей жабыстым.

Ақын тіліндегі мол теңеулерді келтірмей көңіл-күй лирикасына назар аударғанда ақынның ішкі жан дүниесін ұғынасыңү

Ақын өзінің алабұртқан көңілін терең мұңмен әспеттейді:

Жоғалттым қанша уақытты,

Енді оны қайтара алмаймын.

Болармын бәлкім бақытты,

Оны да айта алмаймын.

 

Кеңейткім келіп өрісті,

Сәтті бір шақты аңсаймын.

Бастай да алмай көп істі,

Босқа ойлап бәрін, шаршаймын.

«Өлең деген тумайды жайшылықта,

Өлең деген туады қайшылықта» деп Мұқағали ақын жырлағандай, ақын өмірінің кей сәттері қайшылықта өтіп жатса да, өлеңі де тек шабытпен қана туатынына куә боласың.

Жұмекен жазғандай, «қоңыртөбел» өмір кешкен ақын осындай жырларын жаза келе алпыстың да белесіне тақалды.

Ай қалды, көктеміммен қауышуға,

Қыстың да кетеді енді салы суға.

Күн жылып, гүл-бәйшешек бүр атады,

Теңесіп, күн менен түн табысуға.

 

Сәт сайын ұзарғандай сағаттар да,

Сағым боп көтерілген абат таңда.

Шомылып шуағына сәскедегі,

Сәулесі құбылады қасат қарда.

 

Тамаша, көру қандай көктен Күнді,

Жаныңды жылытады төккен нұры.

Ай қалды айқара ашып құшағымды,

Қарсы алам алпысыншы көктемімді.

 

Тамаша, көру қандай көктен Күнді,

Жаныңды жылытады төккен нұры.

Ай қалды айқара ашып құшағымды,

Қарсы алам алпысыншы көктемімді, - деп жазды.

Ақын осы шумақтардағы ойларымен өзінің алдағы үмітін көрсетіп, Алла беретін нұрға кәміл сенеді.

Қобылан ақын қаламына табиғат-ана деген музасы шабыт бере береді, ақын кеудесінен қайнар-бұлақтай шымырлап, шумақтарды туа беретін даусыз дегіміз келеді.

 

Ақын курстасы:

М. Өтемісов атындағы БҚУ профессоры,

Хасанов Ғабит Қайыржанұлы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале