20.03.2026, 9:15
Оқылды: 16

Табиғат пен технология үндескен күн

Ұлыстың Ұлы күні Наурыз әрдайым жаңарудың, табиғаттың қайта түлеп, тіршіліктің қайта жандану кезеңі ретінде ерекше маңызға ие. Алайда бүгінгі заманда бұл мереке тек табиғаттың оянуымен ғана шектелмей, адамзаттың жаңа дәуірге, яғни технология мен жасанды интеллект кезеңіне қадам басуымен де астасып жатыр. Казталовта осы идеяны тереңінен ашқан жыл сайынғы оқушыларға арналған Наурыз мерекесі жоғарғы деңгейде аталып өтті.

image-19-03-26-08-02-2

Мерекелік шара барысында аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы сөз сөйлеп, жиналған қауымды Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесімен құттықтады. Ол өз сөзінде бұл мерекенің тек көктемнің келуі ғана емес, елдің рухани жаңғыруының, бірліктің және жас ұрпақтың болашаққа деген сенімінің символы екенін атап өтті. Сонымен қатар, бүгінгі жастардың білім мен технологияны меңгерудегі жетістіктеріне жоғары баға беріп, олардың ел болашағы үшін маңызы зор екенін ерекше айтты.

image-19-03-26-08-02-4

Шара соңында аудан әкімі жетістікке жетіп жүрген оқушыларға арнайы сертификаттар табыстап, олардың алдағы уақытта да биік белестерді бағындыруына тілектестік білдірді.

image-19-03-26-08-02-3

Аудандық білім беру бөлімі ұйымдары бірлесіп ұйымдастырған «Наурыз – жаңару мен жасанды интеллект дәуірі» атты мерекелік іс-шара дәстүр мен заманауи жаңашылдықтың үйлесімді үндестігін көрсеткен тағылымы мол, мазмұны бай көркем қойылыммен бастау алды.

Іс-шараның басты ерекшелігі де сол, қазақтың бай фольклорлық кейіпкерлері мен заманауи технология символдарының бір сахнада тоғысуы. Жер-Ана табиғаттың мәңгілік символы ретінде адамзатқа даналық үнін жеткізсе, Көктем аруы жаңа өмірдің жаршысы ретінде жаңарудың әсем бейнесін паш етті. Ал Смарт бала ХХІ ғасырдың өкілі ретінде жасанды интеллект пен цифрлы мүмкіндіктердің шексіз әлеуетін көрсетті.

Бұл үш кейіпкер арасындағы диалог қойылымның маңызды өзегі. Жер-Ана мен Көктем аруының табиғи үйлесімі Смарт баланың технологиялық мүмкіндіктерімен толықтырылып, табиғат пен технология – бірін-бірі толықтыратын егіз ұғым екенін түсіндіре білгендей.

image-19-03-26-08-02-1

Қазақ ертегілерінің танымал кейіпкерлері Алдар көсе, Қожанасыр және Тазша бала бұл қойылымда мүлде жаңа қырынан көрінді. Алдар көседәстүрлі айлакер бейнесінен цифрлы заманға бейімделіп, жаңа форматқа көшсе, Қожанасыр заманауи технологияларды әзіл арқылы түсіндірушіге айналды. Ал Тазша бала “IT маманы” кейпінде көрініп, білім мен тапқырлықтың жаңа деңгейін көрсетті.

Смарт бала образы арқылы қойылымда жасанды интеллекттің мүмкіндіктері кеңінен ашылды. Ол табиғат құбылыстарын болжай алады, ақпаратты жылдам таратады, адам өмірін жеңілдетеді. Дегенмен, Қыдыр атаның батасы арқылы басты идея айқындалды. Технология жай құрал ғана, ал адамгершілік, ана тілі, ұлттық құндылықтар мәңгілік.

Қыдыр атаның: «Жасанды интеллект серігің болсын, бірақ адамдық жүрегің одан биік болсын» деген сөзі бүкіл қойылымның тәрбиелік түйіні іспеттес.

Іс-шара барысында оқушылардың ғылым, білім, робототехника, олимпиадалардағы жетістіктері ерекше аталып өтті. Бұл – бүгінгі жас ұрпақтың тек технологияны тұтынушы емес, оны жасаушы, дамытушы деңгейге жетістікке жеткенінің бір дәлелі.

Көктем аруының айтуымен қазақтың ұлы тұлғалары Дина Нұрпейісова, Мұқағали Мақатаев, Жамбыл Жабаев, Ыбырай Алтынсарин сынды тарихи тұлғалардың мерейтойлары еске алынып, мәдени сабақтастықтың үзілмегені көрсетілді.

image-19-03-26-08-02

«Наурыз – жаңару мен жасанды интеллект дәуірі» атты бұл мерекелік іс-шара тек концерттік бағдарлама емес, терең мағыналы, тәрбиелік мәні зор рухани жоба болды.

Бұл қойылым Наурыз мерекесінің жаңа мазмұнда, жаңа деңгейде тойлануының жарқын үлгісі. Дәстүр мен инновацияны үйлестіре білген осындай іс-шаралар жас ұрпақты ойландырып, шабыттандырып қана қоймай, олардың болашаққа деген көзқарасын қалыптастырады.

Жұлдыз Асқар

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале