20.03.2026, 12:15
Оқылды: 8

Тарих тағылымы

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ жанындағы тарихи-этнографиялық музейде Бөкей ордасы хандығының 225 жылдығы, Хан ордасы ауылының 200 жылдығы және Жәңгір хан мектебінің 185 жылдық мерейтойлары аясында мерекелік іс-шара өтті.  Жиынды «Бөкейліктер» қоғамдық бірлестігі мен Орал қалалық мәдени-ағарту бірлестігіне қарасты «Ардагер» клубы ұйымдастырды.

WhatsApp Image 2026-03-18 at 10.23.07 (2)

Басқосуда сөзді облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкеева, «Бөкейліктер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайролла Сабыров және Орал қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мынатаубиік Әнесов сөз алды. Олар өз сөздерінде Наурыздың ел бірлігін нығайтатын, ұлттың рухани құндылықтарын жаңғыртатын ұлық мереке екенін атап өтті. Сонымен қатар Бөкей ордасының бай тарихы мен тағдырлы жолы бүгінгі ұрпақ үшін үлкен өнеге екенін айтып, жас буынды ата-баба дәстүрін қадірлеуге шақырды.

Іс-шараның театрландырылған бөлімінде Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының әртістері «Хан Жәңгір» қойылымын сахналады. Көрермендер қойылымды тамашалап, тарихқа көз жүгіртті.

Жиын барысында ақын, журналистика ардагері Ғайсағали Сейтақ та өз пікірін білдіріп, тарихи тұлғалардың рөліне тоқталды. Оның айтуынша, бүгінгі таңда аталып өтіп жатқан мерейтойлық  даталардың  мәні ерекше.

WhatsApp Image 2026-03-18 at 10.23.07 (4)

– Биылғы мерейлі даталар аясында облысымызда ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Бұл – өткен тарихымызды тану, оны саралап, болашаққа сеніммен қарау үшін аса маңызды. 1801 жылы Бөкей хан Астрахан губернаторымен келісімге келіп, бірде-бір оқ шығармай Еділ мен Жайықтың арасына қоныс аударғаны белгілі. Егер осы тарихи көш болмағанда, бұл өңір қазақтың құтты мекеніне айналмас еді. Сондықтан Бөкей ханның қазақ тарихындағы еңбегі орасан зор деп есептейміз. Дегенмен бүгінге дейін оның хандықты құрудағы рөлі толық зерттелмей келеді, тіпті туған жылы да нақты анықталмаған. Көбіне Жәңгір хан туралы кеңінен айтылады да, Бөкей хан тұлғасы тасада қалып жатады. Алдағы уақытта осы олқылықтың орнын толтыру қажет, – деді ол.

WhatsApp Image 2026-03-18 at 10.23.07 (3)

Кештің ерекше әсерлі сәттерінің бірі жасанды интеллект көмегімен дайындалған бейнеролик болды. Онда Жәңгір ханның бейнесі жаңғыртылып, ұрпаққа арнаған өсиеті өз дауысымен жеткзілді. Көрермендер тарихи тұлғаның тағылымды сөздерін тыңдай отырып, оның даналығы мен болашаққа аманат еткен ой-тұжрымдарын терең сезінді. Одан кейін Жаһанша Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледждің студенттері Бөкей және Жәңгір хандардың өмірі мен қызметі туралы мазмұнды деректерді бөлісіп, көпшілікке тарихи мағлұмат ұсынды. Ал кештің соңы «Ардагер» клубының өнерпаздары орындаған ән мен күйге ұласып, әуелеген әуен мен күмбірлеген домбыра үні музей ішін ерекше думанға  бөледі.

Хиуаз Талант,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале