Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы соңғы жылдары елімізде жаңа мазмұнмен толығып, кең ауқымда аталып өтуде. Соның бір айғағы – Наурызнаманың ажырамас бөлігіне айналған Ұлттық спорт күні. Наурыздың 20-сы Батыс Қазақстан өңірінде ұлттық дәстүр мен заманауи үрдістерді ұштастырған тағылымды шара ұйымдастырылып, «Бабалар ізімен» ұлттық спорт лигасының салтанатты ашылуы өтті.

Бірнеше бөлімнен тұрған ауқымды мерекелік бағдарлама түс ауа басталды. Арнайы безендірілген алаң бірнеше тақырыптық аймаққа бөлініп, екі мыңға жуық қонақ пен спортшы ұлттық мәдениет пен спорттың сан қырлы көрінісіне куә болады. Дәстүр мен жаңашылдық үндескен бұл жиын төл мұраны дәріптеудің жарқын үлгісі көрсетті.

Шара аясында ұйымдастырылған «NatRoboCom» ұлттық роботтар жарысы тың бастамалардың бірі болды. Мемлекет басшысы бекіткен Цифрландыру және жасанды интеллект жылына орайластырылған жарыс көпшіліктің қызығушылығын туғызды. Мұнда арнайы құрастырылған роботтар арқан тарту, асық ату секілді ұлттық ойындарда сынға түсті. Сондай-ақ «робоқызқуу» мен «робоақсүйек» ойындарының көрсетілімі ұсынылып, цифрлық технология арқылы ұлттық ойындардың жаңа тынысы ашылды.

Ұлттық спорт түрлері де назардан тыс қалмайды. Атап айтқанда, гір көтеру, дәстүрлі садақ ату, тоғызқұмалақтың блиц түрі, асық ату, «Толағай» алыптар сайысы және қазақ күресінің көрсетілім белдесуі ұйымдастырылады. Бұл сайыстарда қатысушылар өз күшін, шеберлігі мен ептілігін сынға салып, ұлттық спорттың мәртебесін көтеруге үлес қосты.

Одан бөлек мереке барысында қолөнер көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Онда киізден жасалған бұйымдар, ағаш ою, зергерлік өнер мен кесте тігу секілді халқымыздың бай мұрасы паш етілді. Сонымен қатар қамшы өру, ат тағалау және ұлттық бұйымдар жасау жөніндегі шеберлік сағаттары өткізілді. Ал дәм аймағында қонақтарға қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылып, Наурыздың берекелі дастарханы жайылды.

Думан «Бабалар ізімен» ұлттық спорт лигасының салтанатты ашылу рәсімімен жалғасты. Онда Наурыз мейрамы мен ұлттық спорттың мән-маңызы туралы бейнероликтер көрсетіліп, ұлттық би қойылымдары сахналанады. Іс-шараға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қатысты.
–Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурызбен және күллі мұсылман қауымы үшін ұлық мереке Ораза айттың басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Наурыз бұл жаңару мен жаңғырудың, ырыс пен ынтымақтың, береке мен бірліктің мейрамы. Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биыл үшінші жыл қатарынан Наурызнама онкүндігін өткізіп келеміз. Ұлыстың ұлы күні бабадан жеткен бағзы дәстүріміз – Көрісу күнінен бастау алуын біз, Жайық жұртшылығы, жылы қабылдадық. Ал бүгін Наурызнама аясында Ұлттық спорт күнін атап өтудеміз. Бұл бастама ұлттық спортты ұлықтауға, кеңінен насихаттауға және жас ұрпақтың бойында ұлттық рухты үстем етуге бағытталған маңызды қадам. Ендеше, «Бабалар ізімен» ұлттық спорт лигасының салтанатты ашылуы құтты болсын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ұлттық спорт – халқымыздың мәдени мұрасы мен тарихи болмысының ажырамас бөлігі» деп ерекше атап өтті. Расында да дәстүрлі лига аясында өтетін бәсекелер – жай ғана жарыстар емес, бұл – біздің тарихымыз, салт-дәстүріміз, рухани құндылығымыз. Жаңа технологиялар қарыштап дамыған кезеңде көштен қалудың салдары ауыр болатынын айтқан Президентіміз биыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Бүгін ұлттық спорт пен озық технология үндесіп, тартысты сайыстарда бақ сынаған құлтемірлер қалың көрерменнің көзайымына айналды. Мұндай жаңашылдықтар бабамыздан жеткен төл ойындарымызды кеңінен танытуға, қоғамның қызығушылығын арттыруға сеп болады деп сенемін.

Ұлттық ойындарды ұлықтап, төл спортты төрге оздыру – бәріміздің ортақ міндетіміз, бабалар аманатына адалдық. Ұлттық ойындар жас ұрпақты батылдыққа, ептілікке, намыс пен отансүйгіштікке тәрбиелейтін шыңдалу мектебі. Аймақта бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатыр. Федерациялардың еңбегі мен спортшылардың қажыр-қайраты жарқын жетістіктерге жетелеп, өңірдің олжасын толықтыруда,–деді Нариман Төреғалиұлы.
Салтанатты кеш барысында өңірдегі ұлттық спорт федерацияларының өкілдері бас қосып, жаңа маусымның басталуына куә болды. Бабалар әзәмен ұлттық спорт лигасына қатысатын командалар арасындағы жеребе тарту рәсімі заманауи технология көмегімен – Qadam AI платформасы арқылы жүзеге асырылды.
Ал мерекелік кештің көркін Қазыбек Әдікей мен Елбол Қуанбек және Асқар Жүнісбеков сынды танымал әншілер қыздырды.

Жалпы, «Бабалар ізімен» ұлттық спорт лигасы халқымыздың дәстүрлі ойындары мен спорт түрлерін жаңғыртуға бағытталған маңызды жоба. Бұл бастама ұлттық құндылықтарды дәріптеп қана қоймай, жас ұрпақты рухани мұраға жақындата түседі.
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі