Қазақ халқының зияткерлік ойындарының төресі саналатын тоғызқұмалақ – ұлт мұрасын айшықтайтын құндылықтардың бірі. Соңғы жылдары Бәйтеректе бұл спорт түрі қарқынды дамып, жас спортшылар түрлі жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.

Аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тоғызқұмалақ жаттықтырушысы Алпамыс Оразмұхамбетің айтуынша, Бәйтеректе тоғызқұмалақты насихаттап, оның өркендеуіне үлес қосқан азаматтардың еңбегі зор. Соның ішінде Үлкен Шаған ауыл тұрғындарының тоғызқұмалаққа деген қызығушылықтың артуына Қазбек Өтеуғалиев пен Мирас Бисембай секілді ақсақалдардың ықпалы ерекше болған. Олар ұлттық ойынды насихаттап, кейінгі буынға үйретіп отырған.

Осы үрдісті жалғастырған ұстаздардың бірі – бұрынғы Үлкен Шаған мектебінің мұғалімі (қазіргі Қ.Ахмиров атындағы ЖОББМ директоры) Думан Шанов. Алғашында өзі үйреніп, кейін шәкірт тәрбиелеуге кіріскен ол бүгінде талай дарынды спортшының қалыптасуына ықпал етті. Нәтижесінде оның шәкірттері республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарда жоғары жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Атап айтқанда, Думан Мұғалұлының қызы Назерке Мұғал мен алғашқы шәкірттерінің бірі Мөлдір Батуллина тоғызқұмалақтан ірі жарыстарда топ жарып келеді. Бірі – Азия чемпионы атанса, екіншісі – Азия чемпионатының жүлдегері. Сонымен қатар олар ел чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегерлері қатарында. Бүгінде алғашқы түлектер – Мөлдір мен Назерке облыстық ұлттық және ат спорты түрлері спорт мектебінде шеберліктерін шыңдап жүр.
Соңғы екі жылда аудандық БЖСМ-да тоғызқұмалақпен жүйелі түрде айналысуға толық мүмкіндік жасалған. Соның нәтижесінде бұл спорт түріне қызығушылық танытқан оқушылар саны артып келеді. Қазіргі таңда ауданда кәсіби деңгейде тоғызқұмалақпен шұғылданып жүрген 60-тан астам оқушы бар. Кәсіби емес деңгейде қызығушылық танытып жүрген оқушылар саны жүзден асады.
Бүгінде тоғызқұмалақты жандарына серік еткендердің қатарында Үлкен Шағаннан бөлек, Өркен, Щапов, Жайық, Новенький ауылдарының жас тұрғындары бар. Аталған елді мекендердегі мектептерде тоғызқұмалақ үйірмелері жұмыс істейді.
2024 жылы Переметныйда жасөспірімдер арасында тоғызқұмалақтан облыс чемпионаты өтті. Бұл дода аудандағы ұлттық спорттың дамуына серпін берген маңызды шаралардың бірі болды. Осыдан кейін аудандық БЖСМ-да тоғызқұмалақ бойынша жаттықтырушы қызметі енгізіліп, толық штат бірлігі ашылды. Соның нәтижесінде ауданда бұл бағытта жүйелі жаттығу жұмыстарын жүріп, түрлі деңгейдегі жарыстар ұйымдастырылып, тоғызқұмалақ кәсіби деңгейде дами бастады.

«Ақбидай-2025» республикалық ауыл спорт ойындарының облыстық іріктеу кезеңінде бәйтеректік тоғызқұмалақшылар үздік үштікке кірген болатын. Сонда жеңімпаз болған Жайық мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Бектас Кенжеғалиев спорт шебері атағын иеленді. Осынау байрақты бәсекенің республикалық кезеңінде бәйиеректік Алпамыс Оразмұхамбет, Бектас Кенжеғалиев және Қарақат Сәлімғали облысымыздың намысын қорғады.
–Тоғызқұмалақта көптеген сөздер қазақ тілінде айтылады. Мәселен, құмалақ, отау атаулары мен ойын барысында қолданылатын арт, тектұрмас, атөтпес, атсыратар, бек, белбасар, қанақақпан, көкмойын, құманай сияқты терминдер оқушылардың қызығушылығын арттыра түседі. Көп оқушы, тіпті ересектер де ана тілімізде осындай ерекше сөздердің бар екенін біліп, ұлттық ойын арқылы оларды үйренуге ынта білдіреді,-дейді Алпамыс Оразмұхамбет.
Салтанат Серікбайқызы
Бәйтерек ауданы