Бүгін Бөкей ордасы ауданы орталығында түбі түркілер үшін ортақ мереке – әз Наурызға арналған «Ұлы дала мұрасы – Наурыз думан» атты мерекелік концерт өтті. Ақ қанат киіз үйлер тігіліп, дастархан жайылды. Алтыбақан құрылып, ауыл жастары мен бала-шаға сол маңда.

Шара шымылдығы аудан әкімі Нұрлыбек Даумовтың құттықтау сөзімен түрілді. Аудан басшысы:
- Наурыз мейрамы – жаңарған Қазақ елінің кешегісі мен бүгінгісін, ертеңі мен болашағын жалғастыратын басты мереке. Әз-Наурыз әр шаңыраққа шаттық нұрын себе келсін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Мерекелеріңізбен!, - деп қалың жұртшылықты жылы басымен құттықтады.

Кимешекті әжелеріміз шашу шашып, әсем қыз-келіншектеріміз қонақтарға ақ ұсынды. Өнерпаздарымыз ән салып, бишілеріміз мың бұрала билеп, күйшілер күймен шараны көркемдей түсті.

Мерекелік бағдарламаның ерекшелігі сол бұл шарада мекемелер де өнер көрсетті. Мәселен, аудандық демалыс орталығының аталары мен әжелері құда түсу, "Ертөстік" балабақшасы тұсау кесу дәстүрін көрсетсе. аудандық аурухана "Жәңгір ханның реформаларын", Бөкей ордасы колледжі "Хан жәрмеңкесін", М.Мәметова атындағы орта мектеп Жәңгір мектебінің ашылуын, М-С.Бабажанов атындағы орта мектеп Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтерілісін сахналаса, аудандық балалар музыка мектебі дәулескер күйші Дәулеткерей, Сертек бастаған күйшілер өнерін дәріптеді.

Сондай-ақ, жәрмеңке де ұйымдастырылды, ет сатқандардың да, кәуап пісіргендердің саудасы жүрді.
Әкім бөбектің тұсауын кесіп, домбыра сыйлады
«Ұлы дала мұрасы – Наурыз думан» атты мерекелік концертте «Ертөстік» бөбекжайының ұжымы тұсаукесер дәстүрін сахналады. Бөбектің тұсау кесу рәсіміне «көш бастаған басшы, ел сыйлаған азамат болсын» деген ниетпен аудан әкімі Нұрлыбек Даумовқа ұсынылды.

«Бүлдіршініміздің қадамы нық, жолы ашық, болашағы баянды болсын!» деп тілегін білдіріп, бөбектің тұсауын кесіп, «Күйшілер отанының ізін жалғар азамат бол!» деп домбыраны сыйға тартты.

Анар Артықбай,
Суретке түсірген Еркебұлан Рахметолла
Бөкей ордасы ауданы