ҚМА Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті азаматтардың банк шоттарына заңсыз қол жеткізіп, қылмыстық қаржы операцияларын жүзеге асырған топтың әрекетін тоқтатты, - деп жазады ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі.

Күдікті Вейднер Т.Е. алаяқтықпен алынған қаражатты үшінші тұлғалардың шоттары арқылы аударып, қолма-қол ақшаға айналдыруға бағытталған схеманы әзірлеп үйлестірген. Ол осы мақсатта дропперді, өзге де тұлғаларды заңсыз әрекеттерге тартып, олардың әрқайсысына нақты міндеттер бөліп берген.
Мұндай әрекеттерге қатысқаны үшін дропперлерге 200-ден 350 АҚШ долларына дейін сыйақы төлеген.
Мәселен, 2025 жылғы қазанда Орал қаласындағы студенттердің бірінің атына банк шоттары ашылып, онлайн-банкингке қол жеткізу деректері схема ұйымдастырушысына берілген. Аталған шоттар арқылы интернет-алаяқтықтан түскен қаражат жүргізіліп, кейін олар айырбасталып, шетелге аударылған.
Шот иесі болып жатқан әрекеттердің заңсыз екенін түсінген соң, өз еркімен құқық қорғау органдарына жүгініп, соның нәтижесінде қаржы операцияларын дер кезінде шектеуге мүмкіндік туған. Шоттар бұғатталғаннан кейін күдікті мен оның сыбайластары жәбірленушіге қысым көрсетіп, банк қосымшаларын қайта верификациялауды талап еткен.
Оны пәтерде заңсыз ұстап, күш қолданамыз деп қорқытып, ұялы телефонын ломбардқа өткізуге мәжбүрлеген, ал түскен қаражатты өзара бөліскен.
Сонымен қатар, күдіктілер шоттардағы шектеулерді алып тастауға әрекет жасап, жәбірленушіні банктер мен әкімшілік органдарға ертіп жүрген.
Схема ұйымдастырушысы қамауға алынды, ал оның алты сыбайласына қатысты кепіл және елден шықпау түріндегі бұлтартпау шаралары қолданылды. Іс сотқа жолданды. Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 201-бабына әйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Қаржылық мониторинг агенттігі ескертеді: «дропперлік» схемаларына қатысу, оның ішінде банк реквизиттерін беру және шоттарға қолжетімділікті ұсыну – заңға қайшы әрекет болып саналады және қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін. Азаматтарға сақтық танытып, өздерінің банктік шоттарын заңсыз қаржылық операцияларда пайдалануға жол бермеуге шақырамыз.
ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.