1.04.2026, 12:15
Оқылды: 9

Жадымдасыз, жақсы аға

Сонау бір жылдары сатираның сардары атанған соққан әрі жүйрік журналист болған Рашид Шақуды (1965-2013 жж.) ұмытып кеткен жоқпыз ба?..

124578
Мен бүгін сол Рашид Шақуды еске алғалы отырмын. Қазақ журналистикасында өзіндік қолтаңбасын қалдырған парасатты тұлға 1993 жылдан бастап радио саласында редактор, аға редактор болып, өмірінің соңына дейін еңбек етті. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, сатирик ақын ретінде танылды. Оның сатиралық шығармалары қоғамның тамырын дәл басып жататын.
Ол кісімен алғашқы таныстығым облыстық радиоға қызметке келгеннен басталды. Кейін бір кабинетте қатар отырып, қызмет істедік. Бұл мен үшін үлкен мектеп болды. Себебі әр сөзі маған өсиет болған Рашид Шақудың өмірімнің әр белесінде, тірліктің әрқилы кемесінде әрбір айтқан сөзі демеу, жол көрсеткіш, бағыт бергіш бата іспетті... Шындықты сүйетін, мақтанқұмарлықтан бойын аулақ ұстайтын, атаққұмарлықтан ада ұстазым талаптанған жасты көрсе, батасын беруге дайын тілектес, жол бағыттар бағдаршамдай еді. Тіл тазалығы мен жүрек тазалығын сақтаған сырбаз ақын. Бата демекші, Рашид ағамыздың «Батасыз қазақ» деген өлеңінен үзінді оқиық:
Біреуі қасын керіп,
Біреуі құбылаға басын беріп,
Бата қайырмақ болды.
Бірақ бата болмады,
Шал да, жас та
Ішіп алып арақты,
Орындарынан тұрмады, – дейді.
Осылайша, батаны рәсуә қылғандарды мақтамен бауыздап, сілейтіп салған.
Ал Рашид Шақу махаббат туралы қалай жазыпты?!
Тыңда, сөзді, балам,
Мен де сендей адам.
Махаббаттың отына күйсең,
Өмірде сол жаман.
Махаббатты ойласаң от сияқты,
Көп қызға көз салып,
Көзіне шөп салсаң,
Махаббат жоқ сияқты.
Өмір пәлсапасы өрілген ғой
өлеңде. Өзің тұлғалық сипаттарыңды кемелдендірмей, адами құндылықтарыңды, пенделік құмарлықтарыңды танымай, жүгенді өзің саналы түрде киме дейді. Біз талапшылмыз. Талап, талғамымыз – шекарасыз шың. Ал өзіміз ше? Пендәуи ойларымызды басқара аламыз ба? Өзімізге әліміз келе ме? Міне, махаббат сонда...
Сатира иелері негізінен терең ойлы, байыпты, досқа адал, үнемі ізденісте жүретін, ойшыл келеді. Сол ізденістің жемісі – осы жанрда, кең тақырыпта образды ірілеп, ілгерілеп, саралап жүретін, белсенді ақын болуына басты себеп. Зерттеген сайын ашыла түсетін, оқыған сайын ойландыра беретін, ізденіске жетелейтін, өлеңдерімен оқырманын тәрбиелей алатын ақын – Рашид Шақу еді.
Рашид Шақу сирек жазды ма екен, жыр жинақтары да сирек жарық көрген. Жазса да, өлеңдерін суытпай редакцияларға ала жүгіргенін көрмедім. Әріптес болып бірге еңбек еткен аз уақытта ағамыздың сағынтып жарық көрген жырларын оқып жүрдім. Ауыз толтырып пікір айтудың реті болмады, себебі сол кездегі тіршілік толқынында тербеліп жүрген күнделікті міндеттен аспадықау, шамасы. «Сен – менің соңғы шәкіртімсің» дегенде ақынның толғанысын бағамдай білмеппін, өмірінің санаулы күндерін кешіп жүргенін айтқан екен ғой...
Алмасып айлар, жалғасып жылдар жылжып, өз алдыма өмір сүргеннен кейін, тұрмыс құрып, ана болғаннан кейін ойлануым көбейді. «Осы – менің, шәкіртім» деп тұрған ағам көз алдымда жүргенде бір мақала жаза алмағаным түйіні тарқамаған өкінішке айналды. Әлі күнге дейін сол борыш жүрегіме жебедей тиеді. Ол кезде жаспын, шығармашылық қорымды сондай абзал жандармен жақынырақ сұхбаттасып, толықтырудың реті келіп тұрса да, ебін елемедім. Дегенмен санамды сағымдай сабылған ағаға деген сағынышты ойлар әлі де тербейді.
Аз жазды, көп жазды дейтін сатирик емес. Саналы ғұмырын ізденіске көп жұмсады, одан қалды, отағасылық борышын өтеу мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек етті. Әлі де еңбек ететін еді...
Әлі де жазатын еді... «Сендер барсыңдар, шәкірттерім, радионы аманаттаймын, сендерге сенемін, енді жарты күнімді шығармашылығыма арнауға уақыт табатын сияқтымын» деп жымиып отыратын. Өлеңге бет бұрып, енді қолға аламын дегенде айлалы ауру асқына келіп, ағамызды алып жықты. Сырқат оның көсіле жазуына, өндіре жазуына, сапалы жырларының санын арттыруға қолбайлау болды. Әйтпесе Рашид Шақу – ақындықты аз, иә, көп жазумен, бүгінгідей «мойындау», «мойындамау» секілді тайыз түсініктермен өлшемеген кісі. Ол үшін жазу – идеямен жазу, тауып, дөп түсіре жазу, тигізбей, түсіндіріп жазу. Суретпен оқырманның санасына өрнек салып жазу, әйтпесе, сылдыр сұйық төге салу ақынның келбетіне қиянат дейтін ақын еді. Қуа жазатын, туа жазатындардан оның айырмашылығы осы табиғатында еді. Есесіне, артында жауһар жырлары, семсердей сесті, сапалы сатиралары қалды.
Алайда облысымыздағы аты оза шапқан өнер тұлғаларының дауысын алтын қорға алып қалу керектігін басты парыз санайтын. Сол кісілік бекзаттығынан радионың алтын қоры толықты.
Алты алаштан ән оздырған өнер саңлағы Мұхит Мерәліұлының шығармаларын, оның әндерін жеткізуші Ғарифолла Құрманғалиевтың дауыстарын алтын қорға жинады. Ата-бабаларымыздың мұрасын жергілікті өнерпаздардың орындауында үнтаспаға түсірді. Осындай мұраны үш диск етіп жинақтағанын көпшілігі жақсы біледі. Ақынның «Сөз жебесі» кітабына енген мақаласында ол үш дискіні былай сипаттайды: «Бірінші диск: Бұл дискіге Мұхит әндері енді. Оның бірқатар әндері кезінде «Қыз Жібек», «Ер Тарғын» операларында орындалған. «Зәуреш», «Жылқышы», «Ақиіс» әндерінің шығу тарихы ел
жадында. Мұхиттың «Айнамкөз» әні – шоқтығы биік туынды. Кең тыныспен, жоғары дауыспен орындалатын бұл ән Ғарекеңнің орындауында ұсынылды» десе, екінші дискіде «Әдемі қыз», «Ақжамал», «Жылыой», «Желкілдек», «Ақсұңқар» әндерінің Ғарифолла Құрманғалиев бабамыздың орындауында үнтаспаға енгізілгенін айтқан. Ал үшінші дискіні облысымыздың күй өнеріне арнаған және мұндай үрдісті игілігі мол бастамаға балап, ұрпақтың оны жалғастыратынына үміт артқан. Яғни ендігі облысымыздан шығатын жас журналистердің батыстың күй мектебін зерттеп, шығармашылығын осы салада өрбітіп, осы салада қайраса деген тілек. «Өсер жасқа өріс кең» бұл салада.
Сан қырлы, сансыз өнерлі Рашид Шақу – өз алдына дербес әңгіменің еншісі. Рашид Шақу шәкірттеріне тек журналистиканы емес, адамдықты, адалдықты, жанашырлықты үйреткен ұстаз болды. Эфирде әр сөзін жауапкершілікпен айтуды, сатира арқылы ойландыруды, өмірде досқа адал болуды үйретті. Оның «Эфир – тірі ағза секілді, ол сені сезеді, ол халықтың көңіл-күйін жүргізушінің әз сөзі арқылы толғантады, ойландырады, аялайды» деген сөздері әр шәкірттің жүрегінде мәңгілік ұстанымға айналған болар.

WhatsApp Image 2026-04-01 at 10.41.55 (1)
Жұмыс барысында ол әріптестеріне әрдайым үлгі болды, шәкірттерге қамқор, әр сөзінде даналық, әр ісінде парасат бар еді. Оның сатиралық шығармашылығы қоғамға ой салады, әр тыңдарманын ойландырады.
Өмірден ерте кеткенімен, артында қалған өнегесі ұмытылмайды. Рашид Шақу – тек радиодағы талант емес, әр шәкірті үшін өмірлік ұстаз.
Ақынның мұралары қастерленуі үшін рухани мұраға деген ыждағат, құрмет керек. Есімін суытып алмай, еске алып жүрейікші...

 

Лунара Хамидоллақызы,
Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале