1.04.2026, 13:00
Оқылды: 13

«Бекіре-2026» акциясына дайындық басталды

 

Балықтың уылдырық  шашатын кезеңінде оларды аулауға тыйым салынады. Жыл сайын балық инспекциясы басқармасы облыс аумағында «Бекіре» атты балық қорғау акциясын  бірінші сәуірден бастап өткізеді.

жп казах виллидж балық (20)

Сурет сайт архивінен 

Осы мақсатта құқық қорғау, табиғат қорғау және ҰҚК шекара қызметімен бірлескен іс-шаралар жоспары бекітіледі. БҚО ІІД-ның табиғатты қорғау полициясымен бірлескен мобильді топтар ұйымдастырылып, балық және балық өнімдерін тасымалдауға ықтимал арналары бойынша рейдтер жүргізіледі. Ондағы негізгі мақсат – балықтың көбею кезеңінде браконьелікпен және заңсыз балық аулаумен күресу, балық қорғау заңнамаларының сақталуын бақылау, балықшылар мен жергілікті тұрғындар арасында түсіндіру  жұмыстарын  жүргізу.

Жайық өзенінің барлық саласы мен жайылмаларында 15 мамырдан бастап 15 маусымға дейін, басқа су айдындарында 1 мамырдан бастап 31 мамыр аралығында  балық  аулауға тыйым салынады. Сонымен қатар 1 сәуірден бастап 15 маусымға дейін шаян  аулауға  болмайды.

«Бекіре – 2026» акциясын атқаруға техника дайындалуда. Екі «КС-110» өзен катері, алты аутокөлік және басқа да техника балық қорғау жұмысына тартылады. Ақжайық инспекциясы бөлімінің инспекторлық құрамы акцияны атқаруға толықтай
дайын. Ақжайық ауданындағы Тайпақ  ауылында  балық қорғау жұмыстарын үйлестіріп  отыратын тұрақты штаб құрылады. Сонымен қатар екі мобильді жылжымалы бекет ұйымдастырылады. Оның біріншісі Ақбұлақ ауылынан Тайпақ ауылына дейін, екіншіс  Тайпақ ауылынан Атырау облысының шекарасына дейінгі аумақты өз бақылауына алады.

Гүлнәр Нұржанова, 

БҚО бойынша балық инспекциясы басқармасының бас маманы  

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале