1.04.2026, 15:45
Оқылды: 34

Мектеп жаңа мүмкіндіктер мекені

Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, елімізде ауыл мектептерінің әлеуетін арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда елімізде «Ауыл мектебі – сапа алаңы» республикалық жобасы іске асырылуда, оның ішінде «Ауылдық жерлерде тірек мектептерінің әуелетіндамыту» пилоттық жобасы қолға алынды. Аталған жоба аясында Шыңғырлау ауданында да "Qazaqstan halqyna" қайырымдылық қоры арқылы Шыңғырлау орта жалпы білім беретін мектебінің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, жаңа техникалық, инновациялық және кәсіби бағыттағы арнайы кабинеттер ашылды.

image-01-04-26-09-30 (1)
2025 жылғы 12 ақпанда аудандық білім беру бөлімінің №56 бұйрығына сәйкес Шыңғырлау орта жалпы білім беретін мектебіне «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен «Тірек мектебі» мәртебесі берілді. Бұл – білім сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
2025 жылдың қыркүйек айынан бастап мектепті заманауи техникалық құралдармен қамтамасыз ету жұмыстары басталды. «Қазақстан халқына» қорының қаржылай қолдауы нәтижесінде білім ордасы 242 миллион теңге көлемінде қаржыландырылып, мектептің 27 оқу кабинеті толықтай жаңа үлгідегі құрал-жабдықтармен жабдықталды. Бұл жаңғырту жұмыстары білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беріп отыр.

image-01-04-26-09-30-1 (1)

Жоба аясында мектепте оқушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасалған. Атап айтқанда, телестудия, алғашқы әскери және технологиялық дайындық кабинеті, арт-студия, көркем еңбек кабинеттері, физика, биология, информатика, химия, STEM және зертхана кабинеттері, сондай-ақ жаңартылған кітапхана оқушылар игілігіне берілді.
Бастауыш сыныптар мен жаратылыстану пәндері кабинеттерінде мұғалімдер мен оқушыларға арналғанарнайы зертханалық бокстар орнатылған. География кабинетінде зерттеу жұмыстарын жүргізуге арналған заманауи құралдар бар. Ал алғашқы әскери дайындық кабинетінде электронды тир орнатылып, оқушылардың әскери-патриоттық дайындығын арттыруға мүмкіндік жасалды. Сонымен қатар ұлдар мен қыздарға арналған көркем еңбек кабинеттері толық оқу құралдарымен және ас үй жиһазымен жабдықталған.
Қазіргі таңда мектепте 90 дербес компьютер, 102 ноутбук, 37 интерактивті панель және 40 веб-камера бар. Интернет желісінің жылдамдығы 40 Мбит/с, ал желіні қауіпсіз әрі тиімді пайдалану мақсатында мектепте арнайы интернет сүзгісі орнатылған. Бұл жобалардың басты мақсаты — шалғайдағы ауыл мектептерін қала деңгейіндегі материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету.

image-01-04-26-09-30-2 (1)
Мектеп директоры Светлана Тайпақова бұл жаңашылдықтардың маңыздылығын ерекше атап өтті:
«Біздің мектебімізге “Тірек мектебі” мәртебесінің берілуі – үлкен сенім. Заманауи құрал-жабдықтар мұғалімдердің шығармашылықпен жұмыс істеуіне, ал оқушылардың білімді тәжірибе арқылы меңгеруіне мүмкіндік береді. Бұл жаңарту жұмыстары ауыл мектебінің білім сапасын көтеріп, оқушыларға кең мүмкіндіктер ашатынына сенімдімін. Қор бөлген қаражаттың бір бөлігі ерекше білім беруді қажетететін балаларға арналған арнайы жабдықтарға жұмсалды.
Бұл әрбір баланың қабілетіне қарамастан, қоғамның толыққанды мүшесі ретінде білім алуына жағдай жасайды», – деп атап өтті.
Ата-аналар да мектептегі оң өзгерістерге ризашылықтарын білдіруде.

«Балаларымыздың осындай заманауи, толық жабдықталған мектепте білім алып жатқаны бізді қуантады. Бұл – олардың сапалы білім алуына жасалған үлкен мүмкіндік», – дейді көп балалы ана Алмагүл Ойратова.
Осылайша, Шыңғырлау орта мектебінде жүзеге асырылып жатқан жаңғырту жұмыстары ауыл балаларына сапалы білім алуға жағдай жасап, олардың болашаққа сеніммен қадам басуына берік негіз қалыптастырып отыр.

Светлана Ешматқызы,

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале