Оралдағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5517 әскери бөлімінде өткен Ашық есік күні – сарбаз өмірінің шынайы көрінісін ата-ана назарына ұсынған тағылымды шара болды. Бұл күні мерзімді әскери қызмет атқарып жүрген жауынгерлердің ата-аналары ұлдарының күнделікті тыныс-тіршілігімен етене танысуға мүмкіндік алды.

Іс-шара барысында қонақтар әскери бөлімнің аумағын аралап, казарма, асхана, оқу сыныптары секілді негізгі нысандарды көрді. Әскери қызметтің сырт көзге байқала бермейтін қырлары, жауынгерлік даярлықтың мазмұны мен тәрбие жұмыстарының жүйесі кеңінен түсіндірілді.
Бөлім басшылығы жеке құрамның күнделікті қызметі, жауынгерлердің дайындығы мен әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жөнінде жан-жақты мәлімет беріп, ата-аналармен ашық пікір алмасты. Кездесу еркін форматта өтіп, әр ата-ана көкейіндегі сауалға нақты жауап алды.

– Біз үшін әрбір сарбаз – бізге берілген аманат. Сондықтан ата-аналармен байланысты үнемі назарымызда ұстаймыз. Балаларының сенімді қолда екенін сезіну – олар үшін де, біз үшін де маңызды, – деді әскери бөлім командирі, полковник Өміржан Сахатов.
Шара барысында ата-аналардың ықыласы мен ризашылығы да ерекше байқалды.
– Бүгін балаларымыздың қандай жағдайда қызмет етіп жүргенін көрдік. Бұрынғы алаңдаушылықтың орнына сенім пайда болды. Мұнда тәртіп те, қамқорлық та бар екені бірден байқалады, – деді сарбаздардың бірінің анасы.

Кездесу соңында ата-аналар өз ұлдарын қалалық сейілдемеге алып шығуларына мүмкіндік берілді.
ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының
баспасөз қызметі