1.04.2026, 20:00
Оқылды: 7

Үйрек ұшып, қаз қонған: құс атудың талабы мен тәртібі қандай?!

Қысқы аңшылық аяқталғалы ашылмаған сейфтен мылтығын алып, майлап, оқ жарағын сайлап отырған аңшыларға бұл сәтте ең қажеті – аңшылық маусымға арналған жолдама. Жолдаманы кім береді, кімге береді? Биылғы маусымда аңшыларды қандай заңнамалар күтуде? Оларды аңшылық аймақтарға жол сілтейтін кім, қандай тәртіптер қатаң сақталуы қажет? Осы жөнінде тарқатайық.

Crop unrecognizable male hunter loading cartridges in hunting rifle for capturing or killing wild animals in woods

Фото: iStock 

Жаратушы бекіткен жыл мезгілінің сарынымен көктем мезгілі де келіп жетті. Қарапайым халық күн жылынып, жер дегдігеніне, шаруалар да мал ауызы көкке ілігіп, қыс бойы кешкен бейнет бір-ақ сәтте ұмыт болғанына қуануда. Осы секілді бұл мезгілді аңшы қауым да асыға күткен еді. Өзен-көл мен сай-салаға толған суға жыл құстары қонып, бақылдаған үйректердің дауысына қаруын серік қылған жандар елең етіп, ішкен асын жерге қоярдай күйде.

Өткен аптада Сырым ауданы аңшылары жоғарыда қойылған сұрақтар төңірегінде жиын өткізген болатын. Жиынға Жымпиты аңшылық шаруашылығын пайдаланушы Арманбек Нұрланов қатысып, аңшылықтағы маңызды тақырыптарға тоқталып, табиғатты қорғау мәселелері жөнінде ақпаратпен бөлісті.

photo-output

Арманбек мырзаның дерегінше, биылғы құс атуға арналған аңшылық маусымы сәуір айының 4-і мен 18-і аралығында жүргізілмек. Осы аралықта аудандағы ауылдық жерлерде сайланған ерікті қорықшылар рейдтік іс-шаралар жүргізетін болады. Қорықшылар аңшылардан қарудың құжатын, аңшылық куәлігін және аңшылық жасауға арналған жолдамасын талап етуге құқылы. Одан бөлек, аңшылық тәртіпке де назар аударады. Аңшылар заңды тәртіп бойынша, алдымен, табиғатты ластамау, шегінен тыс құс атпау, аңшылық жолдамада берілген құс түрлерін ғана аулау, қаруды алып жүруде сақталатын тәртіптерді қатаң сақтау қажет.

Сонымен қатар тәуліктің түнгі уақытында, елді мекеннен 500 метрге дейінгі қашықтықта аң аулауға қатаң тыйым салынады.

Табиғат аясында тынығып, қару асынып, құс ату, шатыр тігіп, айлы түнді өзен жағасында қойдай шулаған бақалар мен бақылдауық үйректердің дауысымен өткізу – аңшылар үшін бөлек әлем, орнын ештеңе алмастыра алмайтын ләззат. Алайда әр нәрсенің тәртібі мен тазалығы сақталуы қажет. Қорықшылық қызмет осыны талап етеді.

Қоңдыкер Елеуов
Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале