21.02.2017, 17:33
Оқылды: 37

Жергілікті полиция қар тазалығын тексеруде

Төтеншеліктер биыл қардың былтырғыдан 70 пайыз көп түскенін, көктемде су тасқыны қаупі барын айтуда. Қазір Орал қаласындағы мекемелер мен жеке сектордың аумағындағы қар тазалығын жергілікті полиция қызметкерлері тексеруде.

- Әр мекеме, әр азамат өз аумағындағы қарды тазалауы тиіс. Орындалмаған жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңының 505-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Өз аумағына жанашырлықпен қарайтын азаматтар баршылық. Ал кейбіреулер коммуналдық мекемелер тазалауы тиіс деген пікірде. Алдымен полиция қызметкерлері ескерту береді.  Жыл басынан бері осындай 200-дей ескерту таратылды. Жоғарыда аталған заң бойынша абаттандыру қағидаларын бұзған 300-дей жеке тұлға жауапкершілікке тартылды,-дейді Жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Данияр Рақышев.

Данияр Асқарұлының айтуынша, жеке үй иелеріне алдымен ескерту жасалады. Ескерту орындалмаған жағдайда хаттама толтырылып, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңының 505-бабы бойынша жеке тұлғаларға – 20, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 30, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 40, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

«Жайық Таза Қала» ЖШС-ның бүгін берген мәліметіне сүйенсек, Орал қаласында күн сайын 300-дей жұмысшы мен 100-110 техника қар тазалау жұмыстарымен айналысуда. Тәулігіне 6000 шаршы метр қар шығарылып жатыр.

Егер мекемелердің тау қылып шығарған қары жеке сектор үйлеріне суға кету қаупін төндірсе, тұрғындардың жергілікті полицияның 50-11-78 нөміріне хабарласуына болады.

Нұрлыбек Рахманов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале