Аудандық ішкі саясат бөлімі мен орталықтандырылған кітапхананың ұйымдастыруымен ел тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі — Қазақстан Республикасы Қарулы күштері құрамындағы бітімгерлік батальонның Тәжік-Ауған шекарасынан шығарылғанына 25 жыл толуына орай «Шекарада шыңдалған – ел жадында мәңгі» атты тағылымы мол кеш өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – ел тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында қызмет еткен ардагерлердің ерлігін ұлықтап, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру болды. Тағылымды кешке аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев, Тәжік-Ауған шекарасында абыроймен қызмет атқарған ардагерлер Айтболат Қыдыров, Азамат Өтешқалиев, Сағадат Сұлтанов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүсіп Шакуов, еңбек ардагері Мұқанғали Бектілеуов, сондай-ақ жастар мен мектеп оқушылары қатысты.
Кеш барысында сол бір күрделі кезеңнің куәгерлері – ардагерлер өздерінің естеліктерімен бөлісіп, шекарадағы сын сағаттарда көрсеткен табандылық пен батылдықтың мән-маңызын жеткізді. Олардың ерлігі – бүгінгі бейбіт өмірдің негізі, ал жас буын үшін теңдессіз өнеге екені ерекше атап өтілді.
Аудандық мәдениет үйінің өнерпазы Алтынбек Еркінұлының орындауындағы «Ауған жыры» әні мен Қайрат Абдуловтың ардагерлерге арнаған әсерлі әні кештің мазмұнын тереңдете түсті. Әсіресе, өткен күндерді еске алған ардагерлердің толқынысы көрермен жүрегіне ерекше әсер қалдырды.
Шара аясында ұйымдастырылған «Ашық микрофон» айдарында ардагерлер өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, қиын сәттерде ел намысын қалай қорғағандарын әңгімеледі. Жастар тарапынан қойылған сұрақтар мен жылы лебіздер ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісіне айналды.
Кеш соңында аудан әкімінің орынбасары Серік Ерболатұлы ел үшін аянбай қызмет еткен азаматтарға алғыс білдіріп, арнайы алғысхаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.
Гүлнұр Сәуірғалиқызы