10.04.2026, 11:15
Оқылды: 145

Сырым ауданы әкімдігіндегі жиналыста жазғы лагерьлер мен асханалар жайы қаралды

cf17264f-96aa-4b79-a294-9ac25edc3c79

Аудан әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетовтың төрағалығымен балалардың жазғы сауықтыру орындарының санитариялық ахуалы мен мектептердегі тамақтануды ұйымдастыру мәселелері бойынша жиналыс өтті. Кездесуге аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ләззат Мұқанова, жетекші маман Гүлбану Мәулетова, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Әкежан Жамбыл және мектеп директорлары қатысты.

Жиналыстың күн тәртібінде екі негізгі тақырып қаралды –  жазғы сауықтыру лагерьлерінің санитариялық талаптарға сәйкестігі және мектептерде тамақтануды ұйымдастыру.

Ләззат Мұқанова мен Әкежан Жамбылдың баяндауына сәйкес, өткен жылы «Достық» жазғы сауықтыру лагері Шағырлыой ауылында өткізілген. Биылғы жылы Бұлан ауылында орналасқан лагерь ғимараттарында жөндеу жұмыстары толық аяқталмаған. Асхана ғимараты мен жатақхана жабдықтары ескірген, төбеден су кетіп, едендері тозған. Сондықтан биыл лагерь «Абай-мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінде» ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар, балаларды типті сауықтыру орындарына демалуға жіберу үшін қосымша қаражат бөлу ұсынылды.

Тағы бір маңызды мәселе – мектептердегі тамақтану стандарты. 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап барлық мектептерде жаңа стандарт енгізілді. Ол балалардың денсаулығын сақтау, дұрыс тамақтану әдеттерін қалыптастыруға бағытталған. Мәзірлерде тұз, қант мөлшері азайтылып, көкөністер мен жемістердің үлесі артты. Диеталық қажеттіліктері бар балаларға арнайы мәзірлер әзірленген.

Алайда, жиында көтерілген проблемалар да көп. Аудан бойынша 20 мектептің 6-сында асхана жеке кәсіпкерге жалға берілген. Көптеген мектептерде орталықтандырылған су жүйесі асхана ішіне тартылмаған, су қыздырғыштары толық жұмыс істемейді. Желдету жүйелері кей мектептерде істен шыққан, профилактикалық дезинфекция жүргізілмейді. Кей мектептерде асхана бөлмелерінің едендері мен қабырғалары жарылған, жөндеуді қажет етеді. Медициналық қызметкерлердің жетіспеушілігі де өзекті мәселе болып отыр.

Жиын соңында балаларды сауықтыру лагерлеріне жолдама арқылы жіберу, мектеп асханаларын күрделі жөндеуден өткізу, жаңа тамақ стандарттарын сақтау және тағамнан уланудың алдын алу, «Жеуге жарамсыздық индексін» есептеу, тапсырмаларды 2026 жылдың 25 сәуіріне дейін орындау қажеттігі айтылды.

Көтерілген мәселелердің күрделілігі балалардың жазғы демалысы мен мектептегі тамақтану сапасына тікелей әсер етеді. Аудан әкімдігі бұл бағытта нақты шараларды жүзеге асыруға дайын екендігін білдірді, бірақ көптеген мектептерде санитариялық және техникалық жағдайлардың жақсаруы әлі де шешімін күтіп тұр.

Шынар Молданиязова

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале