Казталов ауданында аудан әкімі Асланбек Сарқұловтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы шекаралық мәселелер жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.

Жиынға Жәнібек ауданы бойынша шекара басқармасы бастығының орынбасары, подполковник Сулайман Махмутов, шекараны күзету бөлімінің бастығы, подполковник Мақсат Уразов, Қосөзен шекара бөлімшесінің бастығы Жандос Қинадин, сондай-ақ ауылдық округ әкімдері мен кеңес мүшелері қатысты.

Кеңес отырысында шекара маңындағы елді мекендердің қауіпсіздігін күшейту, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері жан-жақты қаралды. Әсіресе, шекараға жақын орналасқан Болашақ, Қайыңды, Көкпүтір, Қошанкөл, Казталов, Қараоба және Беспішен ауылдарында бейнебақылау жүйесін орнату мәселесі негізгі тақырыпқа айналды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша күн сәулесінен қуат алатын, кабельді бейнебақылау камераларын орнату арқылы шалғай елді мекендерде қауіпсіздік деңгейін арттырудың тиімді жолдары талқыланды. Бұл өз кезегінде құқық бұзушылықтардың алдын алуға, шекаралық режимнің сақталуын бақылауды күшейтуге және жедел әрекет ету мүмкіндігін кеңейтуге ықпал етпек.
Аудан әкімі өз сөзінде шекара қауіпсіздігі мемлекеттік маңызы бар стратегиялық бағыт екенін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар, жауапты сала басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар беріліп, бейнебақылау жүйелерін кезең-кезеңімен енгізу, техникалық мүмкіндіктерді зерделеу және тиісті қаржыландыру көздерін қарастыру міндеттелді.

— Шекара маңындағы елді мекендерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды үйлестіруді күшейту, заманауи технологияларды енгізу арқылы бақылау жүйесін жетілдіру алдағы кезеңнің басым бағыттарының бірі. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарға жауапкершілікпен қараған жөн, — деді аудан әкімі.
Казталов ауданы әкімдігінің
баспасөз қызметі