13.04.2026, 16:00
Оқылды: 49

Тасқала театрының тың серпілісі — «ЖоғалU»

 image-13-04-26-09-34-1
image-13-04-26-09-34
Тасқала аудандық халық театры кезекті тың туындысымен көрерменін тағы да ойға шомдырды.
Бұл жолы сахнада Николай Гогольдің «Шинель» және «Жындының жазбалары» шығармалары негізінде дайындалған «ЖоғалU» монодрамасы сахналанды.
Өзіндік қолтаңбасымен, батыл тақырыптарымен ерекшеленіп жүрген режиссер Жалғасбек Мырзагереев бұл туындыда да көпшілікке таныс дүниені жаңаша пайымдап, бүгінгі күннің шындығын терең жеткізе білген. «ЖоғалU» монодрамасы көрерменді еркін ойлауға баулитын, қоғамдағы әлеуметтік-саяси мәселелерді сахна арқылы әшкерелеуге тырысатын туынды. Шығарманы режиссер дәлме-дәл сахналауды мақсат етпей, терең ой тастап, астарлап жеткізуді мақсат тұтқан. Өзекті туынды билікке келген адамның атақ-мансапты көздеуі, лауазымдарын жеке мүддесіне пайдаланатын тұлғалардың жай-күйі жайлы ащы шындықты көрерменге ұсынуға бағытталған.
Қойылымда баяндалатын билік халықтан алыстаған, өзін ғана ойлайтын жабық құрылым ретінде көрінеді. Қоғамдағы жалғыздық және рухани дағдарыс тақырыптарын терең ашады. Адамдар арасында қадыр-қасиеттің қалмауы, жалған үміттің жетегінде жүріп алтын уақыттың өлшеміне жете алмай, өмірден өз бағасын ала алмай кетуі секілді адам өмірінің келеңсіз тұстары қалың көрерменге актердың кәсіби шеберлігі арқылы насихатталды. Аталған туынды барысында басынан аяғына дейін жалғыз кейіпкердің бейнесі ерекше назар аударарлық. Театр актері Бақдәулет Сұлтанмұратов кейіпкер болмысына терең бойлап, оның сахнадағы қимылын, сөз саптауын, толық бейнесін еркін меңгеріп, дәлдікпен жеткізе білуі көрермен тарапынан жоғары бағаланды. Бұл оның өнер жолындағы биік белесінің, ерекше талантының көрінісі.
Қойылым барысында сахна суретшісі Азамат Өміртаевтың да еңбегі ерекше назар аудартты. Мәдениет үйі фоэсінде орналасқан суреттер галереясы қойылымға деген қызығушылықты арттыра түсті. Техникалық топтың жарық беруі, будақтап түтін шығуы көрерменнің қойылымға енуіне өз септігін тигізді.
Тасқала халық театры жуырда Тараз қаласында өткен республикалық моноспектакльдер фестиваль-байқауында жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жүлделі бірінші орынға ие болды. Бұл жетістік – өңірлік театр өнерінің дамуы мен шығармашылық ұжымның кәсіби деңгейінің айқын көрінісі. Аталған фестиваль Жамбыл Жабаевтың 180 жылдық мерейтойына және халықаралық театр күніне орай ұйымдастырылып, еліміздің әр өңірінен келген театр ұжымдарының шығармашылық тәжірибе алмасуына мүмкіндік берді. Театр өнерінің заманауи бағыттары мен жаңа сахналық ізденістер кеңінен көрініс тапқан.
Кеш соңында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Әли Сағдатұлы ұжымға сахналық шеберліктері үшін арнайы алғысын білдіріп, театрдың әр жылдары жеткен жетістіктеріне тоқталды. Ең алғаш мәдениет үйі жанынан 2004 жылы үйірме ретінде бастау алғанын баяндай келе, талантты ауыл балаларын жинап, ерекше туындыларымен халық назарына ие болған мәдениет саласының үздігі Жанар Нұрболатқызының үздіксіз еңбегінің арқасында 2006 жылы халық театры атағы берілгендігін айтып, құрмет-қошеметін білдірді.
Бақтыгүл Шотанова
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале