13.04.2026, 19:00
Оқылды: 9

3000 теңге ме, әлде 12 975 теңге ме?

Бүгін Жымпиты ауылдық округінде ауыл жиналысы өтті. Негізгі тақырыптар – мал бағымы мен ауыл тазалығы. Жиынға Сырым ауданы әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов қатысты.
IMG_9984
Округ әкімі Мейрам Қайырғалиевтің айтуынша, Жымпитыда 1599 аула бар болса, соның 528-і мал ұстайды. 2026 жылдың 1 қаңтарындағы есепке сәйкес, ауылда 3301 ірі қара, 5065 ұсақ мал және 1333 жылқы тіркелген. Ал Өлеңті ауылында 781 ірі қара, 1026 қой-ешкі, 498 жылқы бар.
Бағымды ұйымдастыру –  ауылдағы тәртіп пен қауіпсіздіктің кепілі.
Наурыз айының соңында округ әкімдігі, белсенді азаматтар, көше комитеттерінің төрағалары және малшылар бас қосып, бағым бағасына қатысты ортақ келісімге келген. Нәтижесінде әр бағытқа шығатын мал үшін 3000 теңге, ал сиырын жайлауға жіберетіндер үшін әр басқа 3500–4000 теңге көлемінде ақы белгіленген.
Жымпитыда, 2 бағыт бойынша бақташы дайын. 3 бағыт бойынша малға ие болар адам болмай тұр.
Алайда кей тұрғындар малын қараусыз, бақташысыз жіберуді әдетке айналдырған. Бұл – заң бұзушылық. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 408-бабына сәйкес, бағымсыз жүрген мал үшін 3 АЕК (12 975 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Ал мал тіркеуде болмаса, яғни бірдейлендірілмеген жағдайда, 406-баптың 15-бөлігіне сәйкес 10 АЕК (43 250 теңге) айыппұл қарастырылған.
Яғни, 3000 теңгені үнемдеймін деп, 12 975 теңге айыппұл төлеу – қисынға келмейтін шығын.
Жиналыста зиратты қоршау жайы, ауыл тазалығы кеңінен сөз болды. Қазір Сырым ауданында «Таза Қазақстан» акциясы аясында санитарлық айлық өтіп жатыр.
– Ауыл – бәрімізге ортақ үй. Тазалық жұмысына тек мекеме қызметкерлері емес, әр тұрғын үлес қосуы керек. Қоқысты жинаудан бұрын, оны шашпау маңызды. Өкінішке қарай, контейнерлерден малдың терісі, ішек-қарны, тіпті өлекселер табылып жатады. Бұл – мәдениетке жат. Сондықтан қоқыс тастау тәртібін бақылау үшін биыл ауыл бойынша 105 бейнекамера орнатылады, – деді Мейрам Қайырғалиев.
IMG_9982
Ауыл ішінен мал өлекселерін полигонға шығару қызметінің құны бір рейс үшін 8000 теңге болып белгіленген. Құрылысқа қажетті сары топырақтың бағасы – 7000 теңге.
Округ әкімі ата-аналарға да ескерту жасады. Әсіресе, мотоцикл тізгіндеген жасөспірімдердің тәртібі назарда болуы тиіс.
– Заңмен жазалау оңай. Бірақ балаға ең алдымен ата-ананың тәрбиесі керек, – деді ол.
Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале