16.04.2026, 17:00
Оқылды: 234

Сырымда кітапханашылар құрылтайы басталды

IMG_0038
Бүгін Сырым ауданында кітапхана мамандарына арналған “Жаңа кітапхана – ұлттық сана мен руханият келбеті»атты облыстық  конференция басталды.
М. Есламғалиев атындағы Сырым аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің базасында ұйымдастырылған конференцияның ашылу салтанатына Сырым ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Серік Тоқмамбетов, облыстық мәдениет тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медғат Қамбетов, ҚР Мәдениет саласының үздігі, кітапхана саласының ардагері Исатаева Роза Жақияқызы қатысты.
ҚР Президенті Қасым - Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен Қазақстанда Кітапханашылар күнін атап өту тәртібіне өзгеріс енгізіліп, кәсіби мереке Ұлттық кітап күнімен бірге 23 сәуірге белгіленді.
Мемлекет басшысы мерекелердің осылайша бір күнге тоғысуы оның мән-маңызын арттыра түсіп, кітапханалардың білім тарату мен мәдени мұраны сақтаудағы орны ерекше екенін айқындайтынын айтты. Сондықтан, Сырым ауданындағы Кітапханашылар құрылтайы біріншіден кәсіби мереке алдындағы кеңес ретінде, екіншіден Ақжайық өңіріндегі руханият ұясы - Оралдағы Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық орталықтандырылған ғылыми - әдістемелік кітапханасының 155 жылдық мерейтойына орай шақырылды деуге болады.
Үшінші дата - биыл жазушы, “Алаш” әдеби сыйлығының лауреаты Мұқадес Есламғалиевтің туғанына 80 жыл. Сырымдағы кітап сарайы бүгін қаламгердің атымен аталады.
Серік Тоқмамбетов өзінің сөзінде қай уақытта да елдің болашағы біліммен, парасатпен, руханиятпен өлшенетінін, кітапханашылардың руханият шырақшысы екенін айтты. Әрі ғасырдан терең ғаламат тарихы бар Жұбан кітапханасының төл жобасының Алаштың астанасынан басталуын Жымпиты құрметпен қабылдайтынын жеткізді.
Салтанатты ашылудан кейін “кітапхана болашағы: технология, тәжірибе, өзгеріс» атты пленарлық отырыс өтті. Отырыста Қазақстан Жазушылар, Журналистер одағының мүшесі, ақын Махмет Қажиахметов, Сырым ауданының білім беру ісінде ізі қалған азамат, Батыс Қазақстан облысы дарынды балаларға арналған мамандандырылған «білім инновация» лицей интернаты директорының орынбасары Рақымжан Хамза сөз сөйледі. Рақымжан Орынбайұлы  «Қазақ руханияты және Мұқадес Есламғалиұлының көркемдік әлемі» тақырыбында баяндама жасады.
Шарада батысқазақстандық әріптестерін Ұлттық кітап күні және кәсіби мерекемен Қазақстанның Ұлттық кітапханасының директоры Ғазиза Нұрғалиева тікелей эфир арқылы құттықтады.
Бірқатар сырымдық кітапханашыларға Ғазиза Құдайбергенқызының алғыс хаты тапсырылды.
2025 жылы Батыс Қазақстан өңірінде 25 кітапхана жаңартылыпты. Бұл туралы пленарлық отырыста «Smart libraru:модерницазия тәжірибесі» тақырыбында Казталов аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлдана Дәулетова сөйледі.
Түстен кейін қатысушылар   «Руханият пен білім тоғысқан кеңістік озық іс-тәжірибе алмасу аймағында интерактивті тренингтерге басталды.
Бауыржан Ширмединұлы, 
“Сырым елі”
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале