19.04.2026, 17:42
Оқылды: 23

БҚО-да 66-шы, Бәйтеректе 4-ші мешіт есігін айқара ашты

Қасиетті жұма күні Байқоныс ауылында  жаңа мешіт пайдалануға берілді. Халықтың көмегімен бойкөтерген Алланың жердегі үйінде бір уақытта 120 адам құлшылық қыла алады.

IMG_4591

Оның ашылу салтанатына БҚО бойынша өкіл имам Самат Әлібаев бастаған Оралдағы және Бәйтерек ауданындағы мешіттердің имамдары және жергілікті тұрғындар қатысты.

Құран оқумен басталған салтанатты іс-шарада байқоныстықтарды  құттықтаған БҚО бойынша өкіл имам Самат Әлібаев мешіті бар ауыл тұрғындарының бірлігі мығым болатынын баса айтты. Және бұл облыс аумағындағы 66-шы мешіт екені де жеткізді.

-2023 жылы осы жерде өткен қазық қағу рәсімінде бәріміз де игі тілегімізді арнаған едік. Сол дұғамыздың қабыл болғанына куәміз. Жалпы мешіттің ашылуы - бұл нығмет. Байқоныс ауылының тұрғындары сондай нығметке бөленіп жатқанына қуаныштымыз. Енді мұнда күніне бес мәрте азан шақырылады. Сөйтіп енді осындағы әрбір таң азанмен ататын болады. Құдайға шүкір, арамызда материалдық жағдайы жақсы адамдар бар. Ал мешіт салуға, оған атсалысуға, жәрдем беруге олардың ішінде таңдалғандары ғана көмек қолын соза алады екен. Яғни Алла разы болған адамдарға мұндай мүмкіндік беріледі. Міне, сондай мүмкіндікке ие болып, осы мешіттің құрылысына атсалысқан ағаларымызға, бауырларымызға ризашылығымызды білдіреміз,-деген өкіл имам осынау іске сүбелі үлес қосқандарға ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының және өзінің атынан Алғыс хаттар берді.

IMG_4592

Ауыл ақсақалдары жаңа мешіттің лентасын қиған соң жиналғандар ғимарат ішіне кіріп, уағыз тыңдап, жұма намазын оқыды. Осы жерде облыстың бас имамы бұл мешіттің имамы болып тағайындалған Мақсат Рысқалиевті таныстырды. Таныстырғанда, байқоныстықтар оны біледі. Себебі, “Нұр-Мүбәрәк” университетінің түлегі болып табылатын ол 2021-2023 жылдары Бәйтерек ауданының бас имамы болды. Өкіл имам осы мешіт жанынан Мақсат имамға арнап үй де салынғанын жеткізді.

Айта кетейік, мұнда сонымен қатар Құран оқитын бөлме, дәретхана, асхана, мәйітхана бар. 100 орындық асханада ауыл тұрғындары о дүниелік болған жанның қарасын, жетісін, жүзін, жылын және өзге де садақаларды бере алады. Жер үстел, көрпе-төсеніш, ыдыс-аяқ,тамақ дайындайтын құрал-жабдық та ауыл тұрғындарының көмегімен алдынды. Ал мәйітханада қайтқан адамды арулау жоралғысы жасалады.

Байқоныс ауылдық округінің әкімі Алмас Қоңыров атап өткендей, мешіт құрылысы тұрғындардың өзара ынтымақтастығын, ауызбірлігін көрсетті. Енді ауыл тұрғындары, соның ішінде жастар дәстүрлі діннің адамгершілік-өнегелік құндылықтарымен сусындайтынына сенім мол. Алда келе жатқан Құрбан айт мерекесі, Рамазан айындағы ауызашарлар осында ұйымдастырылатын болады.  

Жұма намазынан соң ауыл кәсіпкерлерінің көмегімен жиналған жұртшылыққа ас берілді.

Тағы бір айта кетер жайт, мешіттің ашылу салтанатының құрметіне орай арқан тартыс, қол күресі, гір тасын көтеріу секілді спорттық ойындар ұйымдастырылды. Жеңімпаздар ақшалай сыйлықтарға ие болды.

                                    Серік Маратұлы,

                                                         Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале