Облыс әкімінің орынбасары Қ.Меңдіғалиевтің төрағалығымен Батыс Қазақстан облысы прокуратурасы өкілдерінің қатысуымен кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік комиссияның кеңейтілген отырысы өтті. Жиынның негізгі тақырыбы — аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу, балаларға қатысты қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды ескерту және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тиімді шараларды талқылау болды.

Комиссия жұмысына оның тұрақты мүшелерімен бірге аудан әкімдерінің орынбасарлары — жергілікті комиссия төрағалары бастаған 130-дан астам аудан өкілдері қатысты.
«Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау — уәкілетті органдардың басты міндеті. Бұл жұмыс зорлық-зомбылықтың алдын алуға және кәмелетке толмағандардың құқықтарының сақталуын бақылауға бағытталған. Оған білім беру мекемелерінде және мектептен тыс уақытта қауіпсіз жағдай жасау, буллингпен күрес, отбасыларды қолдау (сүйемелдеу) және басқа да бірлескен шаралар кіреді. Барлық бейінді органдар мен уәкілетті тұлғалар өзара тығыз байланыста және алдын алу бағытында жұмыс істеуі тиіс, өйткені әңгіме балалардың өмірі мен денсаулығы туралы болып отыр», — деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Қ.Меңдіғалиев.
Ағымдағы жағдайды, өзекті мәселелерді және жұмыс мазмұнын күшейту перспективаларын талқылау барысында келесі тұлғалар сөз сөйледі: өңірлік Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының басшылары; Білім басқармасы басшысының орынбасарлары; Ақжайық, Сырым аудандары мен Орал қаласы әкімдерінің орынбасарлары; БҚО бойынша Бала құқықтары жөніндегі уәкіл және Облыстық психологиялық қолдау орталығының директоры; Облыстық және қалалық мәслихат депутаттары және т.б.

Отырыста жоспарлы жұмыстардың барысы мен сапасына талдау жасалды. Сонымен қатар, жаңа кейстерді қолдану туралы ұсыныстар ерекше қызығушылық тудырды: А.Тасыбаева (БҚО Әділет департаментінің басшысы): «Ювеналды адвокаттық қызмет (кабинет)» құруды ұсынды; А.Сабурова («Stop Bullying» ҚБ Бас директорының орынбасары): мектеп ішінде сынып жетекшілерімен жұмыс істеуде өз командаларының әлеуетін пайдалануды ұсынды. Б.Лаврентьев (Облыстық мәслихат депутаты): полиция департаментіне Цифрлық технологиялар және Білім басқармаларымен бірлесіп, барлық білім беру ұйымдарында жасанды интеллектті қолдана отырып, интеграция мен бейнеаналитика жүргізуді ұсынды. А.Тапишев (Облыстық дін істері басқармасының басшысы): «YNTYMAQ» комьюнити орталығын іске қосуға дайындық және мобильді қосымшаның енгізілуі туралы баяндады.
Жиын соңында бірнеше хаттамалық тапсырмалар берілді, соның ішінде жазғы демалыс кезеңіне дайындық мәселелеріне ерекше назар аударылды.
БҚО әкімінің баспасөз қызметі