Достық үйінде облыстық аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында «Балаларды тәрбиелеудегі ұлттық құндылықтардың рөлі» тақырыбында келелі кездесу өтті.

Кездесуге қоғам қайраткерлері, білім саласының мамандары, ата-аналар мен жастар қатысып, ұрпақ тәрбиесіндегі өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды. Іс-шараны облыстық аналар кеңесінің төрайымы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Шалқыма Құрманалина жүргізді. Ол өз баяндамасында ұлттық құндылықтардың бала тәрбиесіндегі орны мен маңызын атап өтіп, саналы ұрпақ қалыптастыруда отбасы мен қоғамның бірлескен жүйелі жұмысы қажеттілігіне тоқталды.
Кездесу барысында жоба аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар да кеңінен таныстырылды. Әсіресе «Еліне азамат тәрбиелеген отбасы», «Бақытты ана – бақытты отбасы», «Тұғырлы отбасы – бақытты балалық шақтың бастауы» және «Жақсылыққа жетелейтін жандар» бағыттары бойынша атқарылған істер көпшілік назарына ұсынылды. Бұл бағыттардың барлығы отбасылық құндылықтарды нығайтуға, ананың қоғамдағы рөлін арттыруға және бала тәрбиесіне оң ықпал етуге бағытталған.
Жиын аясында «Салауатты сана» жобасы бойынша да мазмұнды баяндамалар тыңдалды. Мамандар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, құқықбұзушылықтың алдын алу және қоғамдағы келеңсіз құбылыстармен күрес жолдары туралы ой бөлісті. Қаламыздағы №12 орта мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жұмабике Нәсіпова тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылық – тек бір отбасының мәселесі емес, тұтас қоғамның қауіпсіздігіне әсер ететін күрделі әлеуметтік құбылыс.
– Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың негізгі себептері ретінде әлеуметтік қиындықтар, жұмыссыздық, ішімдікке тәуелділік, құқықтық сауаттың төмендігі мен тәрбиенің жеткіліксіздігін атауға болады. Мұндай жағдайлар балалардың психологиялық дамуына кері әсерін тигізіп, олардың болашағына қауіп төндіреді. Мәселенің алдын алу үшін, ең алдымен, отбасында өзара сыйластық пен түсіністік қалыптастыру маңызды. Сонымен қатар мектеп қабырғасында оқушылармен жүйелі түрде тәрбие жұмыстары жүргізіліп, психологиялық қолдау көрсетіледі. Ата-аналармен тығыз байланыс орнату, олардың жауапкершілігін арттыру да басты міндеттердің бірі, – деді №12 орта мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жұмабике Нәсіпова.
Кездесу барысында бала тәрбиесіне әсер ететін негізгі орталар отбасы, мектеп және қоғам екені атап өтілді. Осы үш фактордың үйлесімді әрекеті ғана бала тұлғасының дұрыс қалыптасуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша мектепте жүргізілетін нақты жұмыстар – сынып сағаттары, психологиялық тренингтер, сенім жәшіктері, құқық қорғау құрылымдарымен кездесулер және тәуекел тобындағы оқушылармен жеке жұмыстар таныстырылды. Ата-аналардың рөлі де ерекше екені айтылды. Баламен сенімді қарым-қатынас орнату, оның мінез-құлқына көңіл бөлу, қажетті қолдау көрсету – әрбір ата-ананың басты міндеті. Бала қауіпсіздігі мен бақытты болашағы – қоғамның ортақ жауапкершілігі екені ерекше атап өтілді.
Жалпы, жиында ұлттық дәстүрді дәріптеу мақсатында жыл сайын Наурыз мерекесі аясында өтетін «Шаңырақ» атты тағылымды ісшара туралы да айтылды. Бұл мерекеде ұзақ жыл бойы бірге өмір сүрген «Алтын шаңырақ» және «Күміс кереге» иелері құрметтеліп, жас ұрпаққа үлгі-өнеге ретінде насихатталып келеді.
Кездесу соңында қатысушылар тұрмыстық жағдайы күрделі отбасылармен жеке жұмыс жүргізу, аналарға қолдау көрсету мақсатында ашық диалог алаңдарын ұйымдастыру сияқты нақты ұсыныстар білдірді.
Гүлжамал Жолдығали,
«Орал өңірі»