24.04.2026, 16:00
Оқылды: 14

Ашық аспан астындағы басқосу

Жуырда облыстық және қалалық кітапханалар жанынан құрылған кітап клубтарының мүшелері Оралдағы Жеңіс алаңында «Кітаппен бір толқында» атты мерекелік кеште бас қосты. Іс-шара Ұлттық кітап күні мен Кітапханашылар күніне орай «Артық ғылым  кітапта...» апталық аясында ұйымдастырылды.

DSC00607

Іс-шараны Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық орталық әмбебап ғылыми кітапхана ұйымдастырды. Мақсаты – жастарға кітап оқуды насихаттау, олардың шығармашылық, интеллектуалдық қабілетін дамыту, оқырман клубтарының қатарына шақыру. Жайық өзенінің жағалауында, ашық аспан астында өткен басқосуда кітап клубтарының жұмысы таныстырылды. Олардың белсенді оқырмандары кітап оқудың маңызы, қызықты шығармалар жөнінде баяндады.

Облыстық әмбебап ғылыми кітапхана директорының орынбасары Нұрлыгүл Сағынованың айтуынша, кітапханалар жанындағы оқу клубтары жастар арасында жақсы орта қалыптастыруда. Мысалы, Жұбан кітапханасындағы «BookWave» оқу клубы түрлі сипатта іс-шаралар өткізеді. Оның мүшелері әр айда оқитын кітаптарын таңдап, кейін талқылайды. Ал жастарға арналған «Меркурий» спикерлер клубында белгілі бір салада табысқа жеткен, өзін тұлға ретінде танытқан адамдар қонақ болады. Бүгінде кітапханашылар арасында да осылай кітап оқу, талдау үрдісі қалыптасқан. «Кітап оқыған адамның ой-өрісі кеңейіп, сөздік қоры молаяды. Сондықтан жас өркеннің кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың маңызы зор», – деді Нұрлыгүл Аяпқызы.

Гүлнұр Алғазы

Былтыр Орал қалалық кітапханалар жүйесінің жанынан «Жауһар» оқырмандар отауы құрылған. Мақсаты – кітапсүйер қауымның санын арттыру, адамның тұлға ретінде қалыптасуына жол ашу. «Басқосуларда мықты қазақ қаламгерлері мен әлем әдебиеті алыптарының біршама шығармасын талқыладық. Сәуір айында жазушы, қазақ әдебиеті мен тарихын зерттеген қаламгер Мұхтар Мағауиннің «Кесік бас – тірі тұлып» және «Қисық ағаш» туындыларын талдаймыз. Клубтағылардың саны күн санап артып келеді. Қазіргі таңда оқырман тарапынан рухани аштық, әдебиетке, рухани құндылықтарға деген қажеттілік сезіледі», – деді Орал қалалық кітапханасының бөлім меңгерушісі, «Жауһар» оқырмандар отауының мүшесі Гүлнұр Алғазы (суретте).

DSC00688

Табиғат төрінде өткен іс-шараға облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапханасындағы «Фанбук: әдеби әлем» клубының оқырмандары да қатысты. Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының «Кітап – драма студиясы» клубы «Балалық шақтың сырлы кітаптары» деген көрме ұйымдастырды. Бұл клубтың бір ерекшелігі – жеткіншектер оқыған шығармалары бойынша қойылымдар  қояды. «Мен бір жылдан бері «Кітап – драма студиясы» клубының мүшесімін. Клубта менің ағам Мерхан да бар. Бұл жерде бос уақытымызды көңілді өткіземіз. Кітап оқып қана қоймай, билейміз, өлең айтамыз, тақпақтар жаттаймыз, қойылымдар қоямыз. Бүгінге дейін түрлі кейіпкерлерді сомдадым. Кітапханада өтетін мәдени іс-шараларда өнер көрсетеміз», – деді кішкентай оқырман Малика Менжанқызы (суретте).

Іс-шара одан әрі READx сипатында жалғасып, оқырмандар өздері оқыған кітаптарды таныстырып, жарнамалады. Мысалы, спикердің бірі – Minber.kz ақпарат агенттігінің және Fresh City журналының тілшісі, Nomadica атты шығармашылық жобаларды ұйымдастыратын агенттіктің негізін қалаушы Альфия Шамаева болды. Ол  кітап оқуды қалай бастағанын, өзгелерге кітап оқуды қалай насихаттайтынын әңгімеледі. Сөз соңында оқуға Санжар Керімбайдың «Бейсен және болмыс» кітабы мен шынайы оқиғаға негізделіп жазылған он кітаптың тізімін ұсынды.

DSC00630

Іс-шараға қатысқан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі алаңы басшысының орынбасары Ырысбек Тыныштыбаев пен Орал қалалық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Дәурен Шамұратов кітапханашылар мен оқырмандарды айтулы күндермен құттықтады. Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық орталық әмбебап ғылыми кітапхана директоры Шолпан Оразаева кешке белсенді қатысқан бір топ оқырманды алғысхатпен  марапаттады.

Айна Имашева,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале