24.04.2026, 16:15
Оқылды: 19

Кітап – өркениет өзегі

Ұлттық кітап күніне  орай Жұбан  Молдағалиев  атындағы  саябақта  ашық  аспан  астында  кітап  фестивалі  өтті.  Айта кетейік, бұл мереке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  бастамасымен  бекітіліп,  еліміздің  рухани  өміріндегі  маңызды  күндердің  біріне  айналған  болатын.  Сонымен қатар  биылдан  бастап  кітапханашылардың  кәсіби  мерекесі  де  осы  күнге  сәйкестендіріліп  отыр. 

DSC01273

Фестиваль алдымен қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Жұбан Молдағалиев ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Салтанатты іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев, өлкетанушы, қоғам және мәдениет қайраткері, «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерінің иегері Жайсаң Ақбай, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медхат Қамбетов, сондай-ақ ақын, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының БҚО филиалының төрайымы Дариға Мұштанова қатысты.

Іс-шара барысында құттықтау сөз сөйлеген Дариға Ғазезқызы адамзат өркениетінің қалыптасуында кітаптың алар орны айрықша екенін атап өтіп, бұл күн кітапқа деген құрметтің символы екенін тілге тиек етті.

Мерекелік бағдарлама «Жыр мен ойдың үш алыбы» атты театрландырылған қойылыммен жалғасты. Қойылым барысында қазақ және өңір әдебиетінің ірі тұлғалары – Жұбан Молдағалиев, Қадыр Мырза Әли, Жанғали Набиуллин, Мұқадес Еслямғалиев бейнелері сахналанып, олардың шығармалары көрермен назарына ұсынылды.

– Апта бойына жалғасқан кітап апталығы аясында түрлі сипаттағы кездесулер, көрмелер мен әдеби кештер өткізіліп, оқырман мен кітапхана арасындағы байланысты нығайтуға басымдық берілді. Жыл сайын, әрбір іс-шарамызда біз кітаптың рөлін ерекше атап өтеміз. Оқуды насихаттау – қоғамымыз үшін өте маңызды. Бұл барлық санаттағы оқырманға қатысты. Біздің кітапхана негізінен жасөспірімдер мен жастарға қызмет көрсетеді. Біз мектептермен, балабақшалармен, колледждермен, университеттермен тығыз жұмыс істейміз. Соған қарап, кітапқа деген қызығушылық бар екенін анық көреміз, ол жоғалған жоқ. Қазіргі жастар кітапты тек оқу үшін ғана емес, пікір алмасу, талқылау үшін де іздеп келеді. Кітап апталығы аясында іс-шаралар дәстүрлі сипатта өтті. Әлеуметтік желі арқылы хабарламаны көріп, отбасымен келгендер де болды. Сонымен қатар бізде облыстық кітапханашылар форумы өтті. Оған облысымыздағы жоғары оқу орындарының, колледждердің, мектеп және ауылдық кітапханалардың мамандары қатысты. Форум барысында кітапты, оқуды қалай насихаттау керек екені талқыланды. Әсіресе әлеуметтік желілердің мүмкіндігін тиімді пайдалану мәселесіне назар аударылды, – деді Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының директоры Эльвира Аманғалиева. Сондай-ақ «Кітап қалашығы» алаңындағы кітап көрмелері таныстырылып, оқырмандарға жаңа басылымдар мен сирек кездесетін туындылар ұсынылды. Жиынға  келген жұртшылық әдебиет әлеміндегі тың жаңалықтармен, өңірдегі кітапханалар тарихымен  танысуға мүмкіндік алды.

– Біздің кітапханаға тек балалар емес, жастар да келеді. Жастардың ішінде өнерлі, ақынжанды, өте белсенділері көп. Солардың қатысуымен «Маржан жырлар жауған күн» атты акустикалық кеш ұйымдастырдық. Ол жерде жастар өлең оқып, өнерлерін көрсетті. Қазір «Балалар кітап оқымайды» деп айтып жатады. Бірақ мен онымен келіспеймін. Кітап оқитын балалар бар. Әсіресе комикстерді, ертегілерді, аңыздарды, спорт тақырыбындағы кітаптарды жақсы көреді. Сонымен қатар жергілікті ауторлардың, мысалы Талап Таймасұлының балаларға арналған кітаптарын, Жантас Сафуллиннің комикстерін іздеп оқиды. Жалпы, біз балалар әдебиетін насихаттап, осындай іс-шаралар арқылы оқырмандарды кітапқа қызықтырып келеміз, – деді Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының бөлім басшысы Ақмарал Кульчукова.

Мерекелік іс-шара Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық академиялық филармония ғимаратында жалғасын тапты. Мұнда «Ұлттық кітап күні – руханият мерекесі» атты салтанатты кеш өтіп, кітапхана саласының үздік мамандары мен белсенді оқырмандар марапатталды.

Ерке Мереке,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале