24.04.2026, 16:45
Оқылды: 11

Сыдықов турнирі – сегізінші белес

Жақында «AQJAIYQ» телеарнасында Орал облыстық телерадиокомитетінің тұңғыш төрағасы Наурызғали Сыдықов атындағы дәстүрлі шахмат турнирі өтті. Облыс журналистері мен сала ардагерлері арасындағы бұл ақыл-ой додасы биыл сегізінші мәрте ұйымдастырылды.

5314a993-bc99-4ccf-bbdc-878c46b097c1

Бұл жарыстың басты мақсаты – төл арнаның қалыптасуы мен дамуына айтулы үлес қосқан Наурызғали Сыдықовтың есімі мен еңбегін жаңғырту әрі БАҚ қызметкерлері арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, шахматты кеңінен насихаттау. Жарыстың ашылуында «Қазақстан» РТРК» АҚ БҚОФ директоры Клара Қамбетова, журналист, ҚР Ақпарат саласының үздігі Асыланбек Ғұбашев, ұйымдастыру алқасының төрағасы, Н. Сыдықовтың ұлы Мұрат Наурызғалиұлы және немересі Назар қатысты. Іс-шарада сөз алған Клара Қамбетова қатысушыларға сәттілік тілеп, аталмыш шахмат «шайқасын» алдағы уақытта аймақтық бәсекеге айналдыру жоспарда бар екенін айтты.

Айта кетелік, Наурызғали Сыдықов атындағы шахмат турнирі жылма-жыл өтетін дәстүрлі үрдіске айналуының да өзіндік себебі бар. Өйткені Наурызғали атамыздың өзі кезінде мықты шахматшы болған көрінеді. Жұмыс үстелінде қызметке қажетті бұйымдарға қоса, шаршы тақта да үнемі табылатын.

– Медиа мамандары үнемі ойдың тереңіне бойлап, сараптамалық талдаудың жетегінде жүреді. Шахмат ойыны адам ой-өрісінің дамуына мол мүмкіндік береді. Осы спорт түрі қоғамдағы барлық сала қызметкерлеріне, соның ішінде журналистерге аса қажет деп ойлаймын. Биыл сегізінші мәрте ұйымдастырылып отырған іс-шараның ауқымы кеңейіп, аудан-ауылдарға да жетіп жатыр. Жыл санап жарысқа қатысушы жас әріптестеріміз бен алыс аудандардан келер журналистердің қатары көбейіп келеді. Сала ардагері Есқалиев Болат ағамыз дәстүрлі шахмат турниріне үзбей қатысады. Осылайша, аға буын мен жастардың бір-біріне құрмет-сыйластықтары артып, жарасымды байланысы бекемдей түсері даусыз. Белгілі журналист Кухаев Біржан інім шахмат ойнауға ебі бар БАҚ қызметкерлерінің басын қосып, бабын шыңдауда шегіншектеп көрген емес. Наурызғали Сыдықовтың ұлы Мұрат аға да ұйымдастыру жұмысына атсалысып, жарыстың өтуіне ұйытқы болып жүр, – деді  А. Ғұбашев.

Шаршы тақтадағы шайқастар бұл жолы да әдеттегідей швейцар жүйесі негізінде өрбіді. Әуелі  қарсыластар компьютердегі арнайы бағдарлама арқылы жұпталып, үстелдерге жайғасты. Жеті кезең бойынша көп ұпай жинаған үштік жарыс жүлдегерлері деп танылды. Жарыста «AQJAIYQ» телеарнасы, «Жайық Пресс» ЖШС қызметкерлері және республикалық телеарналардың өңірдегі мамандары өзара бақ сынады. Нәтижесінде үшінші орынды «AQJAIYQ» телеарнасының бейнеоператоры Рүстем Ищанов місе тұтса, екінші орынды аталмыш арнаның бейнеинженері Әлихан Есқазиев иеленді. Ал «24.kz» телеарнасының бейнеинженері Елдар Аюпов бірінші орыннан  көрінді.

Жарыс жеңімпазы Аюпов – Н. Сыдықов атындағы шахмат турнирінің тұрақты қатысушысы. Осы күнге дейін екінші, үшінші орындарды иеленген ол биылғы жарысқа тыңғылықты дайындықпен келгенін тілге тиек етті.

– Шахмат ойынын бала күнімнен жақсы көремін. Өзім кәсіби тұрғыда шұғылданбасам да, бүгін бірінші орын иегері атанғаныма қуанып тұрмын. Бұл – менің осы турнирге жылма-жыл қатысып, шыңдалғанымның белгісі. Келер жылдарда да осы жеңіс­ті жолымды жалғастырамын деген үміттемін, – деді жарыс жеңімпазы.

Жарыс жеңімпазы мен жүлдегерлерге алғысхаттар мен медальдар, ақшалай сыйақылар табысталды. Сондай-ақ барша қатысушысыларға  да ынталандыру сыйлықтары берілді. Осылайша, Н. Сыдықов атындағы шахмат турнирінің сегізінші белесі де мәреге жетті.

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале