30.04.2026, 16:30
Оқылды: 10

Қанатты талант ед Қанатқали…

Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінде өткен жылдар өрнегіне ой саларлықтай мәнді де мағыналы шара болды.

PHOTO-2026-04-24-18-02-31

Аталмыш шараны ұжым бола ұйымдастырып, өзі бастамашы болып жүргізген аталмыш музейдің меңгерушісі Айнагүл Ойшыбаева айтқандай, бұл шара мәдениет қызметкерлері күніне және Жымпиты халық театрының ірге тасы қаланғанына 90 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр.
Ал, осы шара аясында ҚР мәдениет саласының үздігі, сазгер, күйші, театр саңлағы Қанатқали Рахметовтың туғанына 100 жыл толуына орай шараға қатысушылар да өзіндік ой-толғамдарын ортаға салуға жиналды.

Айта кету керек, Қанатқали Сисарыұлын еске алуға арналған шараға өнер саңлағын көре қалған еңбек ардагерлері, ұрпақтары, бүгінгі жас буын мәдениет қызметкерлері жиналды.

 Өнер саңлағы Қанатқали қарияның қызы Сәуле Ақпанова әкесі жөнінде жүрек тебірентерлік сөздерін ортаға салды. Ал, бүгінде өнерде айшықты істерімен елге танымал Қанатқалидың ұлы Қайрат Рахметовтың кеште әңгімелеген ойлы сөздері әкеге деген сағынышты аңғартты.

— Әкем тума талант иесі еді.
Әлі есімде, жас болсам да, әкем күй, ән шығаруға көп уақытын бөлетін.
Кезінде марқұм анам, зайыбы Зәурешке арнап ән, күй шығарды.
Әннің сөзін әкем жазса, әуенін біздің үйде әкеммен бірге тұрған мықты сазгер Мұхит Айтқалиев жазды.
Әкем кезінде көп өнер иелерімен, әсіресе Нұрғиса Тілендиев, Нұрғали Нүсіпжанов, Әлеумет Мәмбетов, Дәмелі Құсайынова, Жібек Құлғалиевамен тығыз байланыста болды, — деп еске алды.

Иә, Қайрат айтқандай, театр саңлағы, сазгер, күйші Қанатқали Рахметов сомдамаған бейне, жазбаған ән, күй жоқ десек те болады.
Шүкір, бүгінде өнер саңлағы Қанатқали Рахметовтың соңында қалдырған ізін жалғастырушы өнер жұлдыздары баршылық.
Мәселен, Қанатқали қарияның немересі Алтынбекті бүгінде өнерді қадірлейтін жұртшылық жақсы таниды, өнеріне жақсы бағаларын да беруде.
Алтынбек Қанатқалиев (Қайрат ұлы Алтынбектің тегін әкесінің есіміне құрмет ретінде құжатқа осылай жаздырған) болашақта атасының күйлерін әрлеуден өткізіп, домбыра, сазды аспаптардың қатысуларымен сахнаға шығаруды жоспарлауда.
Ал, көңілді қуантарлық тағы бір жаңалық — жерлесіміз, сазгер Донеділ Қажымов ішінде Қанатқали Рахметов сынды ауданның өнер саңлақтары енгізілген арнайы кітапты шығаруды да қолға алмақшы.
Осынау есте қаларлық шарада өнер саңлағы Қанатқали Рахметовты көре қалған театрдың ардагерлері, өнер иелері Тамара Бүршиева, Гүлбадам Өтешова, Мұхамбет Мамықов, ардагер ұстаз Гүлбақша Ерғалиева, «Отбасын қолдау орталығы» ММ директоры Ақкүміс Мұрадымова, аудандық мәслихаттың төрағасы Шынар Дүйсенғалиева, «Аманат» партиясы Сырым аудандық филиалының төрағасы Талғат Дарғожиев естеліктерді ортаға салып, өнер адамдарын жас ұрпақ ортасында кеңінен насихаттау жолы, келешек жоспарлар бағытында әдемі ойларын айтты.
Кеш барысында мәдениет қызметкерлері әсем әндер шырқап, шараның көркін қыздырды.

 

Мүсірбек Әлібекұлы,

Сырым ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале