1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні болғасын бұл мереке – еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың, өзара сыйластық пен сенімнің жарқын көрінісі болып, ауыл тұрғындары арасында әдемі мереке ретінде жыл сайын тойланады.

Елімізде көпэтносты халық өкілдерінің ынтымағы мен бірлігі – тәуелсіздіктің берік тірегі, жарқын болашақтың кепілі саналатынын жерлестеріміз жақсы біледі. Сондықтан Казталов ауданындағы Жалпақтал ауылын – түрлі ұлт пен ұлыстың өкілдері ықылым заманнан бейбіт өмір сүріп, ортақ мақсат жолында еңбек етіп келе жатқан ынтымақты ауыл екенін мақтанышпен айта алады. Алақандай аялы ауылдың дамуы мен өркендеуі – сол жердегі тұрғын халықтың күнделікті еңбектерінің нәтижелі жемісі деп бағаланады. Бірлік пен татулығы бар елге қашанда ырыс пен құт қонады. Берекесі мен мерекесі тасыған ауыл тұрғындары осы үрдісті жоғалтпай әлі күнге дейін ауызбірліктерін сақтап келеді.
- Біздің ауылымыз ұлт пен ұлыстың, бауырмалдық пен туыстықтың, ынтымақ пен ырыстың туын нық ұстаған киелі мекен. Онда орыс, татар, украин және тағы да басқа түрлі этнос өкілдері бейбіт өмір кешіп, ықылым заманнан бері тату ғұмыр сүруде. Сондықтанда біздер жыл сайын 1 мамырда ыстық ықыласпен бірлік мейрамын асыға күтеміз.
Өткенге көз жүгіртсек, Жалпақтал ауылының тарихы сонау Овченниковтерден бастау алып, тәуелсіз ел атанған қазіргі күнге дейін өзінің соқпақ жолын үзбей жалғап келеді. Ата-бабаларына арман болған тәуелсіздікті сақтап, мәңгілік ел болу Қазақстан халқының асыл мұраты. Бірлігі мен ынтымағы жарасқан еліміздің ырысы мен табысы мол болсын! Баға жетпес бейбіт күннің арқасында облыстық, республиклық байқауларда түрлі аталымдарға ие болып жүрген ауылымыздың ынтымақ берекесі арта берсін!
Елімізде жыл сайын 1 мамырда Қазақстан халқының бірлігі күні – ұлық мерекелер қатарында аталынып өтеді. Береке бастауы ынтымақ пен бірлік болғасын біз де осы елдің жергілікті тұрғыны ретінде орыс ұлтының өкілдері атынан жерлестерімізді киелі мерекемен шын жүректен құттықтаймыз. Халықтардың достығы мен өзара түсіністігі арқасында еліміздегі ұлтаралық татулық мәңгі жасай берсін! Әр отбасыға амандық, елімізге береке-бірлік тілейміз, - дейді ынтымақты жанұяның отанасы Марина Васильева.

Қазақстан халқының бірлігі күні – елдегі бейбітшілік пен келісімді, түрлі этнос өкілдері арасындағы достықты нығайтатын маңызды мереке. Бұл күнді – барша қазақстандықтарды ортақ құндылықтарға ұйыстырып, бірлік пен ынтымақты дәріптейтін ерекше мейрам деп есептейміз.
Сондықтан байлыққа бергісіз бірлігіміз болашақта да бекемдене берсін!
Қыдыр Харесұлы
Казталов ауданы