Сырым ауданына, дәлірек айтқанда туған жері Жосалыға шорт-тректен Әлем кубогының иегері, Азия ойындарының чемпионы Абзал Әжіғалиев келген еді.

Чемпионды туған жері әнмен, дәммен қарсы алды. Абзалдың елге сапарына жерлес ағасы, Орал қаласындағы №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Әскербек Нұрмұханов серік болып келді.

А.Жұмағалиев атындағы мектепте «Мұз айдынның Құлагері» атты кездесу кеші өтті. Шараға Сырым ауданы мәслихатының төрағасы Шынар Дүйсенғалиева, Сырым аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және денешынықтыру бөлімінің басшысы Ерлан Сарсенов, Сырым аудандық білім беру бөлімінің бас маманы Қайырбек Аманғалиев қатысты.
Сахна-студияда Абзал оқушылардың сұрақтарына жауап берді.
- Жеңістің де, жеңілістің дәмін таттыңыз. Бірақ, сынғаныңызды, шегінгеніңізді көрмедік. Төрт Олимпиадаға қатысу - шеберліктің шыңы шығар. Сіз мотивацияны қайдан аласыз?! - деп сауал қойды бір оқушы.
- Әкемнен ерте қалдым. Анамның арқасүйері, сенері мен едім. Спорттың биігін бағындырып, қаражат тауып, жанұяма жақсы өмір сыйлағым келді. Маған мотивация берген - үйіме азық - түлік табу, анамды азаматсыз қалғанын сезіндірмеу. - деді Абзал бүкпесіз.

Ел атынан ардагер ұстаз Асан Жүсіпов бата берді. Шараны қорытындылаған А.Жұмағалиев атындағы мектептің директоры Әскербек Тәжғалиев әлемдік спорт жұлдызының Қоңыр ауылынан шыққаны мәртебе екенін айтып, елге еркелеп келген Абайдың ұлы Абзалға ат мінгізді.
Астыңдағы құлақасқа сені жетпеген арманыңа жеткізсін, чемпион!
Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы