6.05.2026, 10:15
Оқылды: 19

Үкіметте халықты жұмыспен қамту мәселелері талқыланды

Үкіметте ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен азаматтарды жұмыспен қамту және NEET санатындағы жастармен атаулы жұмыс жүргізу мәселелері жөнінде кеңес өтті, - деп жазады primeminister.kz.

777_5

Жиында қазіргі жағдай бойынша бейінді мемлекеттік органдар мен облыс әкімдіктерінің өкілдері баяндама жасады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жалдамалы жұмыскерлер саны 7,2 млн адамға, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны 2,1 млн адамға жеткен. Бұл ретте жұмыспен қамту органдарында жұмыс іздеп жүрген 333 мыңнан астам азамат тіркелген.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сәйкес, өңірлерде жыл сайын жұмыспен қамту карталары бекітіледі. 2026 жылға арналған жоспар аясында 544 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту көзделген. Бүгінде олардың 140,8 мыңы жұмыспен қамтылды.

Атаулы жұмыс жүргізу үшін C, D, E санаттарына жататын азаматтар пулы қалыптастырылған. Қазіргі уақытта олардың 45 мыңнан астамы әлі де жұмыспен қамту шараларымен қамтылмаған. Мұндай азаматтардың ең көп саны Алматы, Маңғыстау және Түркістан облыстарында тіркеліп отыр.

Сонымен қатар кеңес барысында Ғылым және жоғары білім министрлігі алғаш рет еліміздің барлық өңіріндегі еңбек нарығына кешенді талдау жүргізгені атап өтілді. Зерттеу аясында 73 мың кәсіпорын қамтылып, жұмыс күшінің ұсынысы мен экономика сұранысы арасындағы сәйкессіздіктер жүйелі түрде анықталды. Талдау нәтижелері еңбек нарығындағы сұраныстың технологиялар мен жасанды интеллект саласына қарай ойысып келе жатқанын көрсетті. Бұл ретте техникалық және кәсіптік білімі бар мамандарға, ең алдымен колледж түлектеріне деген қажеттілік жоғары деңгейде сақталып отыр.

Осыған байланысты Аида Балаева жоғары оқу орындары мен колледждер деңгейінде кадр даярлаудың тиімді жүйесін қалыптастыру үшін барлық мемлекеттік органның үйлесімді жұмыс істеуі қажет екенін атап өтті. Үкімет басшысының орынбасары екінші маңызды бағыт ретінде жұмыссыз азаматтармен атаулы жұмыс жүргізуді белгіледі. Оның айтуынша, статистикалық деректердің артында нақты адамдар тұрғанын ескеріп, әр азамат үшін жеке жұмыспен қамту траекториясын қалыптастыру маңызды.

Жиында қаралған екінші мәселе – NEET санатындағы жастармен жұмыс. Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, соңғы үш жылда NEET жастарының үлесі кезең-кезеңімен төмендеп келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша елдегі орташа көрсеткіш 6% құрады. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 1,3%-ға төмен.

Министрлік деректеріне сәйкес, аталған санаттағы жастардың санын азайту бағытында атаулы жұмыс жүргізілуде. Бұл ретте жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына басымдық берілген. Атап айтқанда, жастардың әлеуметтік-кәсіби портретін қалыптастыру, оларды жұмысқа орналастыру, «Жастар практикасы» бағдарламасына, қоғамдық және әлеуметтік жұмыс орындарына тарту, сондай-ақ сұранысқа ие кәсіби дағдылар бойынша оқыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге мансап орталықтары жастарға жеке қолдау көрсетіп, олардың еңбек нарығына бейімделуіне жәрдемдесуде.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале