Жаңаөзеннің даласында ел тыныштығын күзетіп жүрген жас сарбаздардың бірі – Сырым топырағынан түлеп ұшқан өрімдей азамат Әли Халит. Ол бүгін Ұлттық ұланның 5548 әскери бөлімінде Отан алдындағы қасиетті борышын абыроймен атқарып жүр.

2003 жылдың 26 шілдесінде дүниеге келген Әли Нұржанұлының өмір жолы қарапайым ауыл мектебінен басталды. 2020 жылы Қосарал ауылындағы Сырым орта мектебін тәмамдап, үлкен өмірге қадам басқан ол білім жолын да нық таңдады. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде құрылыс инженериясы мамандығын игеріп, елге қажет маман болуға талпынды. Бұл – тек кәсіби таңдау ғана емес, болашақта ел игілігіне қызмет етемін деген азаматтық ұстанымның айғағы.
Алайда нағыз ер азаматтың сыналар тұсы – әскери борыш. 2025 жылдың 7 желтоқсанында Әли сарбаз сапына қосылып, жаңа өмірдің, жаңа тәртіптің табалдырығын аттады. Ал 2026 жылдың 17 қаңтарында қабылдаған әскери анты – оның өміріндегі ең жауапты, ең қасиетті сәттердің бірі болды. Сол күні ол тек форма киген жас емес, ел сенімін арқалаған жауынгерге айналды.
Әскер – тек қару ұстауды үйрететін орын емес. Бұл – тәртіптің, төзімнің, жауапкершіліктің мектебі. Бүгінгі сарбаз да сол мектептен өтіп жатыр. Таңғы саптан кешкі тексеріске дейінгі әрбір сәт оның мінезін шыңдап, рухын бекемдеуде. Туған жерден жырақта жүрсе де, оның жүрегінде Сырымның самалы, ауылдың иісі, ата-ананың үміті бірге.
Осындай жастар барда елдің ертеңіне алаңдауға негіз жоқ. Себебі олар – білімді де, тәрбиелі, елге адал қызмет етуді парыз санайтын буын. Әскери борышын өтеп жүрген бұл сарбаз да – сол сенімнің бір дәлелі.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы