Орал қаласындағы ҚР Ұлттық ұланы Батыс өңірлік қолбасшылығына қарасты №5517 әскери бөлімде Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып жүрген сарбаздардың қатарында шымкенттік Нұрбақыт Дәуміш пен ақтөбелік Айбар Маратов бар. Екеуі де әр өңірден келсе де, әскери ортада тез тіл табысып, ортақ мақсат жолында шыңдалып келеді.

Нұрбақыттың (суретте) әскерге келгеніне жеті айдан асыпты. Қазіргі таңда ол атқыш қызметін атқарады. Әскери өмірге дейін аспаз болып еңбек еткен жас жігіт шақырту қағазы қолына тиген сәттен-ақ әскери комиссариатқа өзі барып, армияға баруға ниет білдірген. Бұл оның азаматтық жауапкершілігінің жоғары екенін аңғартады.

– Күн тәртібінің нақты болуы, әр істі уақытында орындау жауапкершілікті арттырып, жинақылыққа баулиды. Мұндай дағдылар әскерден кейінгі өмірде де үлкен пайдасын тигізеді. Әскери орта – нағыз достық мектебі. Әр өңірден жиналған сарбаздар бір мақсат жолында бірігіп, бір-біріне тірек болуды үйренеді. Қиын сәттерде қолдау көрсету, ортақ міндетті бірге атқару шынайы бауырмалдықтың қалыптасуына негіз болады. Мен жеті айда осыны ұқтым. Оның үстіне армия адамды шыңдайды. Әр өңірден келген замандастарыммен танысып, достар таптым, – дейді ол.
Нұрбақыт 2-атқыштар ротасында қызмет етеді. Оның негізгі міндеті – темір тордың ар жағындағы азаматтарды күзету. Бұл қызметтің өзіндік қиындығы мол және жауапкершілігі зор екенін ол жақсы түсінеді. Сарбаздың әкесі КСРО кезінде Моңғолияда әскери міндетін өтесе, ағасы Отар қаласында борышын өтеген. Ағасын әскерден қарсы алған сәтін тебірене еске алатын Нұрбақыт өзін де ата-анасы мен жақындары ерекше ықыласпен күтеді деген үмітте.
Түрме нысандарын күзететін жас сарбаз үшін бұл қызмет үлкен жауапкершілік пен өмірлік тәжірибе мектебі болғанын жасырмайды. Мұндай ортада ол ең алдымен қатаң тәртіп пен заң талаптарын сақтауды үйренген. Әр әрекеттің нақты ережеге бағынатынын түсініп, кез келген жағдайда сабыр сақтап, салқынқанды шешім қабылдауға дағдыланған. Сонымен қатар сарбаз адамдармен жұмыс істеудің қыр-сырын меңгерген. Түрлі мінезді, әртүрлі тағдыр иелерімен бетпе-бет келу адам психологиясын түсінуге, сөзбен де, іс-әрекетпен де дұрыс қарым-қатынас орнатудың маңызды екенін ұққан. Бұл – әскерден кейінгі өмірде де аса қажет қабілет.
– Мұндай қызмет қырағылық пен мұқияттылықты талап етеді. Күзет барысында әрбір ұсақ-түйекке дейін мән беру, қауіптің алдын ала білу сарбаздың кәсіби дағдысына айналады. Сонымен бірге шыдамдылық қалыптасады, себебі бұл қызмет ішкі тәртіпті қажет етеді, – дейді Нұрбақыт.
Әскери өмірге әбден ысылған сарбаз өз інісі мен оның қатарластарын Отан алдындағы борышын өтеуден қашпауға шақырады. Ал Айбар Маратовтың әскери өмірге келгеніне көп уақыт болмаса да, ортаға тез бейімделіп үлгерген. Оның айтуынша, сержанттар мен офицерлердің қолдауы үлкен рөл атқарған.

– Әсіресе, 1-ші жедел мақсаттағы рота командирі, аға лейтенант Мирас Исмағұловтың көмегі көп болды. Соның арқасында әскери өмірге тез үйрендім, – дейді Айбар (суретте).
Айбар қызмет ететін рота қоғамдық тәртіпті қадағалаумен айналысады. Осы уақыт ішінде олар көшеде суық қару алып жүрген бірнеше жасты құрықтап, қоғамдық орындарда тәртіп бұзған азаматтарды сабасына түсіруге атсалысқан. Бұл – сарбаздардың қоғамның тыныштығы үшін атқарып жүрген нақты істерінің бірі.
Қоғамдық тәртіпті қадағалайтын жас сарбаз бұл қызмет тек міндет қана емес, үлкен мектеп екенін айтады. Көшеде, қоғамдық орындарда болып жатқан әр жағдайға назар аударып, қауіптің алдын ала білу оның басты дағдысына айнала бастағанын да тілге тиек етті.
– Біздің қызмет сабырлылық пен салқынқандылықты талап етеді. Кейде мінезі әр алуан адамдармен, даулы жағдайлармен бетпе-бет келеміз. Осындай сәттерде ашуға берілмей, мәселені заң аясында, байыппен шешуге тырысу керек. Немесе полиция қызметкерлеріне жүгінген абзал, – дейді Айбар. Сонымен қатар бұл міндет адамдармен дұрыс қарым-қатынас орнатуды, мәдениеттілік пен әдептілікті талап ететіні белгілі. Бұл қызметте сөйлеу мәнері мен өзін ұстау мәдениеті ерекше рөл атқарады. Сарбаздың командирі де осы жағына үлкен мән береді екен.
– Біз үшін физикалық дайындық та маңызды. Кез келген күтпеген жағдайға дайын болу, жылдам әрекет ету, тәртіп бұзушыларды тоқтату күш пен ептілікті қажет етеді. Бірақ күш қолдану әрдайым соңғы шара екенін түсіну де маңызды. Бұдан бөлек, заңды құрметтеу және әділ болуымыз керек. Қоғамдық тәртіпті сақтау барысында әр азаматқа бірдей қарап, ешкімге артықшылық бермеу басты қағидамыз, – дейді жас сарбаз.
Қос сарбаз да болашаққа үлкен жоспар құрып отыр. «Сарбаз 2.0» жобасы аясында олар әскерден кейін жоғары оқу орнына түсіп, білім алуды мақсат етеді. Нұрбақыт болашағын энергетика саласымен байланыстырғысы келсе, Айбар әскерге дейін еңбек еткен Ақтөбе ферроқорытпа зауытына қайта оралып, кәсіби маман ретінде жұмысын жалғастыруды көздейді.
Ел қорғаны жас сарбаздардың мұндай мақсат-мұраты – Тәуелсіз Қазақстанның ерте-ңіне деген сенімнің айқын көрінісі.
Түгелбай Бисен,
«Орал өңірі»