8.05.2026, 17:00
Оқылды: 9

Ата жұртын аңсаған Бүрлен бойжеткен

Атырау қаласынан Оралға Бүрлен Әділет есімді веложорықшы ару келді. Оны өңірдегі ел азаматтары қала іргесіндегі желтау маңындағы «Орал» белгісінің жанында күтіп алды.

WhatsApp Image 2026-05-04 at 1

22 жастағы бойжеткен Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі Дөрбілжін ауданында дүниеге келген. Өзінің атамекені Қазақстанды аралауды көкөрім кезінен мақсат тұтқан. Осыдан екі жыл бұрын Қазақстанға велосипедпен алғаш сапар жасап, мыңдаған шақырымды 26 күнде еңсерген. Бүрлен бойжеткеннің ендігі мақсаты – бүтін Қазақстанды шайтанарбамен шарлап өту. Оның осы веложорығы сәуірдің 20-сы күні Маңғыстау өңірінде басталған. Бір қызығы, тас жолда жалғыз жортқан батыр қыздың батыс аймақта не туысы, не танысы жоқ. Қазақтың дархан даласын көруге асық қаракөзді ел-жұрт жарыса күтіп, сый-құрмет көрсетуде. Саяхатшы Бүрлен сапар барысында қонақжай жұртшылықтың кең пейілін сезініп, талай шаңырақтан дәм татып, құтты қонақ болғанын айтты. Веложорықшы әлеуметтік желіде сапары жөнінде ақпарат бөлісіп келеді. Жақында оның түз далада шырқаған еліміздің мемлекеттік Әнұраны желіде кеңінен таралып, көпшілік ықыласына бөленіп үлгерді. Саяхатшы сапарын қай қалаға бұрса да, сол аймақтағы ағайын алдынан күтіп алып, өлке тарихы мен тылсым табиғатын таныстырады екен. Бүрленнің жүрегінде бүр атқан арманы да осы болса керек.
– Бүгінге дейін Қазақстанның түрлі өңірінде болдым. Орал қаласына алғаш келуім. Маған шаһардың табиғаты ерекше ұнады. Атырау мен Орал қалаларының қашықтығы 500 шақырымға жуық екен. Жол бойында сан түрлі қызықтарға тап болдым. Маған еліміздің әр аймағындағы салт-дәстүр ұстанымдары қызық. Ақ Жайық өлкесіндегі қыз ұзату, келін түсіру тойларын өз көзіммен көргім келеді. Осы ой-арманымды желіге жариялаған бойда Оралдағы оқырмандарым бірден тойға шақырды. Орал шәрінде екі күн аялдап Ақтөбеге, одан әрі Қызылорда қаласына қарай саяхатымды жалғастырамын. Алдағы үш айда елді толық жүріп өтсем деген ниетім бар, – деді веложорықшы.

WhatsApp Image 2026-05-04 at 18.29.46
Бүрлен бойжеткеннің жол бойында шабыты оянып, дәстүрлі әндерді шырқап келген. Жол бойында тағатсыздана күткен ақжайықтық ағайынға Нұрлан Өнербаевтың «Ауылым» әнін орындап, әсем әуезімен тамсандырды.

Нұрым Қайырболатұлы,
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале