8.05.2026, 17:15
Оқылды: 9

Жас инспекторлар сапта

Мектеп оқушылары арасында «Бағдаршам-2026» атты жас жол инспекторларының облыстық байқауы өтті.  Екі күнге созылған жарыста жасөспірімдер жол ережелері туралы  білімдерін  ортаға салды.

 

 WhatsApp Image 2026-05-08 at 15.58.11

Алдымен төртінші мамыр күні шаһардағы Жеңіс алаңында іс-шараның ашылуы ұйымдастырылды. Бұл жиынға облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қадыржан Сағын, облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин және сала қызметкерлері мен әскерилер қатысты. Алаңда мемлекеттік Ту көтеріліп, Әнұран шырқалды. Облыстық және қалалық полиция батальондарының сақшылары жас жол қозғалысы инспекторларымен бірге сап түзеп, шеру жасады. Салтанатты іс-шарада сөз алған Қадыржан Ерсайынұлы облыстық деңгейде ұйымдастырылған байқаудың маңыздылығын айтты.

– Қазіргі таңда жолдағы қауіпсіздікті сақтау, оның алдын алу іс-шаралары жүйелі жүргізілуде. Балалардың жол қауіпсіздігін сақтау – қоғамның маңызды міндеті. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін балаларға ерте жастан бастап жолда жүру ережелерін үйрету қажет. Ата-аналар мен мұғалімдер олардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөліп, жолдан өту, бағдаршам белгілерін тану сияқты дағдыларды қалыптастырғаны жөн. Облыстық білім басқармасының ұйытқы болуымен «Бағдаршам-2026» жас жол инспекторларының байқауы өтуде. Облыстық деңгейде шымылдығын түрген осы жарысқа аудан мектептері де белсене қатысуда. Балалар қала көшелеріндегі жол белгілерін көзбен көріп,  жолда жүру ережелерін тәжірибе жүзінде меңгеруде. Бұл іс-шара олардың жолдағы жауапкершілігін арттырып, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Балалардың қауіпсіздігі – баршамызға ортақ іс, – деді Қ. Сағын.

Облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин өңірдегі білім ұяларында балаларға патриоттық тәрбие беретін «Жас сақшы» сыныптары ашылып  жатқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған осындай жарыстар жас жеткіншектердің әскери өмірге қызығушылығын оятатынын жеткізді.

Екі күнге созылған байқау кезінде қатысушылар түрлі кезеңнен өтті. Байқаудың алғашқы күні қатысушылар «Жас санитар» байқауында бақ сынады. Олар мұнда алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын көрсетті. «Аутоқалада велосипедті мәнерлеп жүргізу» кезеңінде де өз шеберліктерін танытты. Сонымен қатар «Жас реттеуші», «Жол қозғалысының белгірлері» және «Эрудиттер турнирі» сайыстары ұйымдастырылып, оқушылардың білім деңгейі мен тапқырлығы бағаланды.

Жарыстың соңғы күні «Үгіт-насихат бригадаларының» өнер көрсетуімен қорытындыланды. Бұл кезеңде командалар жол қауіпсіздігін насихаттайтын шығармашылық қойылымдарын ұсынды. Қатысушылар сахналық қойылымдар арқылы жол белгілеріне мән бермей, құлаққап пен смартфонға алаңдаудың салдарынан жол-көлік оқиғаларының жиілеп жатқанын әсерлі жеткізді. Сонымен қатар әлеуметтік желіде көп қаралым жинау үшін өз өмірін қауіпке тігетін жеткіншектердің қисынсыз әрекеттерін де бейнелеп көрсетті.

WhatsApp Image 2026-05-06 at

Жарыс қорытындысы бойынша І орынды Бәйтерек ауданының «Бауыржан ұландары» командасы иеленсе, ІІ орын Жәнібек ауданының «Жас сақшы» командасына бұйырды. Ал ІІІ орынды Ақжайық ауданының «Жігер» командасы қанағат тұтты.

Байқау жеңімпазы атанған Бәйтерек ауданының «Бауыржан ұландары» командасы енді өңір намысын республикалық деңгейде қорғайды. Олар 2026 жылы 12-21 тамыз аралығында Қостанай облысында өтетін Ғазиз Байтасов атындағы XXI Республикалық жас жол инспекторлары слетіне  қатысады.

 

Нұрым Қайырболатұлы,

 «Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале