Биыл облыстағы 626 мың гектар егіс алқабына ауыл шаруашылығы дақылдары егілмек. Соның ішінде дәнді дақылдар – 289 мың гектар, күздік дәнді дақылдардың алқабы – 123 мың гектар, көкөніс – 4,0 мың гектар, малазықтық дақылдар – 210 мың гектар.

Бүгіндері өңір диқандары көктемгі дала жұмыстарына жаппай кірісті. 336 мың гектар алқапта ылғал жауып, 19,4 мың гектарды культивациялады. Барлығы 21 мың гектарға жаздық дақылдар егілді, соның ішінде 14,3 мың гектар – дәнді дақылдар, 2,9 мың гектар – майлы және 3,7 мың гектар – малазықтық дақылдар.
– Соңғы 2-3 күнде облыс аумағында ауа райы жауын-шашынды болғандықтан, жұмыс қарқыны баяулады. Көктемгі егіске қажет тұқымдар мен техникалар толық дайындалды. Биыл көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 10,5 мың тонна дизель отыны бөлінді. Кестеге сәйкес 2,5 мың тоннасы (21%) Атырау МӨЗ-інен алынды. Жанар-жағар майды тасымалдаушы оператор – «Нэфтек» ЖШС. Дизель отынының бір литрінің бағасы – 270 теңге. Бүгінде отандық зауыттардан және тыңайтқыш сатушылардан 12,9 мың тонна тыңайтқыш сатып алынды, – деп баяндады облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Берік Сейітқазиев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте.
Спикердің мәліметінше, биыл өсімдік шаруашылығын субсидиялау мен қызметтер көрсетуге жергілікті бюджеттен 2,7 млрд теңге бөлінген. Соның ішінде субсидиялар – 1,93 млрд теңге. Бұдан бөлек, көктемгі дала және егін ору жұмыстарын несиелеуге облысқа «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 12,9 млрд теңге бөлініпті. Бүгінде шаруаларға 5%-бен 8,6 млрд теңге (67%) несие берілген. Бұның сыртында 1,1 млрд теңгеге жуық несиенің өтінімдері қаралып жатыр. Бұл қаражаттарды алуға өтінімдерді қабылдау жалғасуда. Шаруалар «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 6,5 млрд теңге лизингке 597 бірлік техника алған. Ал бөлінген қаражат – 12,5 млрд теңге.
Ясипа Рабаева,
«Орал өңірі»