18.05.2026, 17:00
Оқылды: 5

Оралда орталық саябақтағы жағажайдың жабылып қалғаны рас па

Орал қалалық мәдениет және демалыс саябағында жағажайдың қоршалып, жабылғаны жөнінде әлеуметтік желіде ақпарат жарияланды. Осыған байланысты тұрғындар алаңдаушылығын білдіріп, өз пікірлерін жазып жатыр. Аталмыш мәселеге орай Kazinform тілшісі Орал қаласы әкімдігіне арнайы сауал жолдаған еді.

6bb267d3-7b8e-48d7-a4b2-89eb5edbffdf

Фото: Kazinform

Әкімдік мәліметіне қарағанда, аталған аумаққа кіруді шектеу туралы шешім төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия отырысында қабылданды. Себебі бұл жер суға түсуге рұқсат етілмеген, жабдықталмаған аумақ болып саналады. Соған қарамастан, тұрғындар жыл сайын бұл жерде шомылуын жалғастырып келеді, бұл азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді.

— Өкінішке қарай, өткен жылдары осы аумақта суда жазатайым оқиғалар тіркелген. Осыған байланысты тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қауіпті аймаққа қоршау орнату және кіруді шектеу туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар аталған аумақтың жанында барлық қауіпсіздік талаптарына сай жабдықталған жеке жағажай жұмыс істейді. Онда демалушыларға қажетті жағдай жасалып, қауіпсіздік шаралары толық қамтамасыз етілген, — делінген ресми жауапта.

Қала әкімдігінің мәліметі бойынша қазіргі таңда шаһардағы жағажайлар тізімі жасалып жатыр. Жеке жағажайлар өтінім бергеннен кейін ТЖ басқармасы және санитариялық-эпидемиологиялық станция мамандары барып тексереді. Талапқа сай келген жағажайларға рұқсат беріледі. Тізім осы айдың соңына дейін нақтыланады.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале