19.05.2026, 11:00
Оқылды: 20

Казталовта музей саласының мамандары марапатталды

Халықаралық музей күніне орай Казталов ауданы Ақпәтер тарихи-өлкетану музейінде аудандық үлкен  іс-шара ұйымдастырылды. Аталған шараға аудан музейлері мен мектеп музейлерінің жетекшілері, тарих пәні мұғалімдері, мәдениет саласының қызметкерлері мен өлкетануға жанашыр азаматтар қатысты.

image-19-05-26-10-34 (1)

Іс-шара барысында қатысушылар музей жәдігерлерімен танысып, экскурсия жасап, өңір тарихынан сыр шертетін құнды дүниелерді тамашалады. Сонымен қатар Казталов, Көктерек, музейлерінің жәдігерлері қойылған көрме ұйымдастырылып, әр музей өз тарихы мен ерекшеліктерін қонақтарға таныстырды.

image-19-05-26-10-34-1 (1)

Іс-шараның негізгі бөлімі «Ауыл музейлерінің дамуы: тәжірибе және жаңа мүмкіндіктер» тақырыбындағы дөңгелек үстелмен жалғасты. Жиында ауыл музейлерінің бүгінгі тынысы, музей жұмысын жандандыру, оқушыларды тарихи-танымдық жұмыстарға тарту, жәдігерлерді сақтау мен цифрландыру мәселелері кеңінен көтерілді.

Алғашқы құттықтау сөз аудан әкімінің орынбасары Серік Ерболатұлы Қайырлиевке беріліп, ол музей қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, ұлттық құндылықтарды сақтаудағы еңбектеріне ризашылығын білдірді.

image-19-05-26-10-34-3

Келесі кезекте Ақпәтер тарихи-өлкетану музейінің директоры Кәрім Тәжмағанбетұлы Өтегулов музей жұмысының бағыттары мен жетістіктері жөнінде әсерлі әңгімелерімен бөлісті. Сондай-ақ Казталов аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Гаухар Ақболатқызы Газизжанова ауыл музейлерінің даму мүмкіндіктері туралы өз ойын ортаға салды.

image-19-05-26-10-34-2

Іс-шара соңында музей саласының дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар Батыс Қазақстан облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының, аудан әкімінің және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

image-19-05-26-10-34-4 (1)

Тағылымды жиын музей ісінің маңызын арттырып, ұлттық мұраны сақтау жолындағы ортақ міндеттерді айқындаған мазмұнды басқосуға айналды. Ұлт руханиятының алтын қазығына айналған музейлердің мерейі артып, ел игілігі жолындағы еңбектері әрдайым жемісті болсын! Тарих пен тағылымды дәріптеп жүрген барша музей қызметкерлеріне шығармашылық табыс, толағай жетістік және рухани байлық тілейміз.

Ернәсіл Рысқалиев,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале