19.05.2026, 17:40
Оқылды: 7

Шыңғырлау ауданында көктемгі дала жұмыстары басталды

 

Шыңғырлау ауданында көктемгі дала жұмыстары биыл да ұйымшылдықпен және жоғары қарқынмен жүргізілуде. Ауыл шаруашылығы – аудан экономикасының негізгі тіректерінің бірі. Сондықтан әр көктем сайын басталатын егіс науқаны тек диқандар үшін ғана емес, бүкіл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына әсер ететін маңызды кезең саналады. Биылғы көктемгі жұмыстар да осы жауапкершілікті терең сезіне отырып қолға алынған.

image-19-05-26-05-05

Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ауыл еңбеккерлерін қолдау мәселелеріне ерекше назар аударып келеді. Осы бағытта Шыңғырлау ауданында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін 2024–2028 жылдары екі есеге арттыру жөніндегі Жол картасы бекітіліп, нақты жұмыстар атқарылуда. Соның аясында 2026 жылғы көктемгі егіс науқанына аудан бойынша 38 шаруа құрылымы қатысып отыр.

Биыл аудан көлемінде 17 мың 301 гектар егіс алқабын игеру жоспарланған. Оның ішінде 5 мың 204 гектарға дәнді дақылдар, 5 мың 200 гектарға майлы дақылдар, 6 мың 860 гектарға бір және көпжылдық шөп дақылдары себілмек. Сонымен қатар 37 гектар жерге картоп, көкөніс және бақша дақылдары орналастырылады. Бұл көрсеткіштер аудан шаруаларының жыл сайын тәжірибе жинақтап, еңбек өнімділігін арттыруға ұмтылып отырғанын аңғартады.

image-19-05-26-05-06

Өткен жылдары егілген 30 мың 591 гектар көпжылдық шөптер мен 2025 жылдың күзінде себілген 1 мың 935 гектар күздік дақылдарды есепке алғанда, ауданның жалпы егістік көлемі 49 мың 827 гектарға жетеді деп күтілуде. Бұл – ауданның аграрлық әлеуетінің жылдан-жылға артып келе жатқанын көрсететін маңызды көрсеткіш.

Көктемгі дала жұмыстары әсіресе Ақбұлақ, Ақшат, Ащысай, Ардақ және Шыңғырлау ауылдық округтерінде қарқынды жүргізілуде. Таңның атысынан күннің батысына дейін еңбек етіп жүрген диқандар үшін әрбір күн қымбат. Себебі уақытылы егілген дән – мол өнімнің кепілі.

Биыл аудан шаруалары егіс науқанына қажетті тұқым қорын толықтай дайындап отыр. Атап айтқанда, қажетті 418 тонна дәнді дақыл тұқымының орнына 610 тонна немесе 146 пайыз көлемінде тұқым әзірленген. Ал майлы дақылдар бойынша қажетті 93 тоннаның 92,5 тоннасы дайындалып, қамтамасыз ету деңгейі толық орындалды деуге болады. Бұл шаруалардың алдағы науқанға тыңғылықты дайындалғанын білдіреді.

image-19-05-26-05-05 (1)

Көктемгі егіс жұмыстарының сапалы жүруі тек тұқыммен ғана емес, техника мен жанар-жағармай қорының жеткілікті болуына да байланысты. Аудан шаруашылықтары бұл бағытта да дайындық жұмыстарын ертерек бастап кеткен. Қазіргі таңда заманауи техникалардың көмегімен жер жырту, тұқым себу, тыңайтқыш енгізу жұмыстары жүйелі атқарылуда. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығына жаңа технологиялардың енгізілуі еңбек өнімділігін арттырып, уақыт үнемдеуге мүмкіндік беріп отыр.

Осы орайда Шыңғырлау ауданының әкімі Мұрат Өмірәлиев ауылдық округтерге арнайы барып, көктемгі дала жұмыстарының барысымен танысты. Аудан басшысы “Жарас” және “Жаңа жер” шаруа қожалықтарында, “ErganatGroup” ЖШС-де, “Азиз” және “Бердібай Бекзат” шаруа қожалықтарында болып, диқандармен жүздесті. Кездесу барысында көктемгі науқанның ұйымдастырылуы, техникалардың дайындығы, тұқым сапасы және алдағы жоспарлар талқыланды.

Сонымен қатар аудан әкімі Мұрат Амангелдіұлы  Ақбұлақ ауылдық округіндегі “Айтмұхамбет” шаруа қожалығының бөгетінің жағдайын қарап шықты. Су ауыл шаруашылығы үшін аса маңызды ресурс. Сондықтан ылғалды сақтау, су көздерін тиімді пайдалану және бөгеттердің жағдайын бақылауда ұстау басты міндеттердің бірі.

Аудан басшысы кездесулер барысында көктемгі дала жұмыстарының маңыздылығына тоқталып өтті.

– "Көктемгі егіс – жыл бойғы еңбектің бастауы. Диқандардың адал еңбегі аудан экономикасының дамуына, халықтың әл-ауқатының артуына тікелей әсер етеді. Биыл шаруашылықтар ұйымдасқан түрде жұмыс жасап жатыр. Техника, тұқым және қажетті қор жеткілікті деңгейде дайындалған. Ең бастысы көктемгі науқанды уақытылы әрі сапалы өткізіп, мол өнім алуға күш салу қажет", – деп атап өтті.

Расында, көктемгі дала жұмыстары ауыл тіршілігінің өзегі. Бұл кезеңде төгілген тер мен жасалған еңбек күзгі молшылықтың негізін қалайды. Ауыл еңбеккерлері үшін жер ырыстың, берекенің көзі. Сондықтан әрбір дәннің уақытылы себіліп, әр гектар жердің тиімді игерілуі аса маңызды.

image-19-05-26-05-05 (2)

Бүгінде аудан диқандары уақытпен санаспай еңбек етуде. Бірі егіс алқабында техника тізгіндесе, енді бірі тұқым дайындау, жер өңдеу жұмыстарымен айналысып жатыр. Осындай қажырлы еңбектің арқасында Шыңғырлау ауданы ауыл шаруашылығы саласында тұрақты дамуға қадам басып келеді.

Ел ырысын еселейтін еңбек адамдарының маңдай тері қашанда құрметке лайық. Көктемгі дала жұмыстарының табысты өтуі – күзгі мол өнімнің, ауыл экономикасының дамуының және халық әл-ауқатының артуының кепілі. Сондықтан биылғы егіс науқаны да аудан шаруалары үшін жауапты әрі маңызды кезең болып қала бермек.

 

Светлана Байтенова

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале