20.05.2026, 19:00
Оқылды: 47

БҚО жолдарында 194 ақаулық анықталды: сапаны бақылау ұдайы назарда

2026 жылы «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Батыс Қазақстан облыстық филиалы өңірдегі автомобиль жолдарының сапасына қатысты ауқымды тексеру жұмыстарын жүргізді. Мамандардың мәліметінше, жыл басынан бері республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарда жалпы 119 рет іріктемелі сараптама ұйымдастырылған. Оның 97-сі республикалық желіге, 22-сі жергілікті жолдарға тиесілі.

8b268db9-3aa1-4d0a-bb2a-b17beaba8673

Тексеру барысында 194 түрлі ақаулық пен ескерту анықталған. Оның ішінде 182 жағдай республикалық жолдарға қатысты болса, 12-сі жергілікті желілерден тіркелген. Қазіргі уақытта анықталған кемшіліктердің 95-і толық жойылмаған.
Мамандар жол құрылысы кезінде технологиялық талаптардың сақталмауы, техникалық бақылау өкілдерінің болмауы, жол төсемінің жобалық геометриялық параметрлерден ауытқуы секілді заңбұзушылықтар жиі кездесетінін айтады.
Сонымен қатар зертханалық бақылау аясында 167 жол-құрылыс материалы сынақтан өткізілген. Оның 43-і нормативтік талаптарға сәйкес келмеген. Бұл жалпы көлемнің 25 пайызына тең. Сәйкессіздіктер негізінен асфальтобетон керндерінің тығыздығы, суға қанықтылығы, инертті материалдардың физикалық-механикалық қасиеттері мен қоспалардың гранулометриялық құрамына байланысты анықталған.
Өңірде биыл республикалық маңызы бар сегіз жол жобасы жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында «Қазталов – Жәнібек – РФ шекарасы», «Өнеге – Бисен – Сайқын», «Подстепное – Федоровка – РФ шекарасы», «Атырау – Орал», «Ақтөбе – Орал» бағыттарындағы орташа жөндеу жұмыстары бар.
Сапа орталығының мәліметінше, анықталған кемшіліктер бойынша 2025 жылдың қорытындысында Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына 12 хат жолданған. Нәтижесінде жалпы сомасы 3,7 млн теңгеден асатын айыппұл салынған.

be781e49-99fe-4bc5-8742-3036285b96d6
Мамандардың пікірінше, жол сапасына қатысты негізгі мәселелер тапсырыс беруші, мердігер және техникалық қадағалау тарапынан бақылаудың әлсіздігінен туындайды. Бұған қоса, кейбір нысандарда жеке зертханалардың болмауы және құрылыс материалдарына тұрақты бақылау жүргізілмеуі де әсер етіп отыр.
Сондай-ақ аудандық маңызы бар жолдар мен көше-жол желілерінде анықталған ақаулардың уақытылы жойылмай жатқаны алаңдаушылық туғызады. Сарапшылар мұны жөндеу жұмыстарының құрылыс маусымының соңына қарай басталуымен және ауа райының қолайсыздығымен байланыстырады.

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК БҚО филиалының баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале